Спорт саңлақтары еліміздің қоржынын тағы екі медальмен толықтырды. Жапонияда өткен жазғы V Азия Пара ойындарында Ибрагим Нұрмаханұлы пара дзюдодан чемпион атанса, Айсұлтан Кулкаев пара жүзуден күміс жүлдеге қол жеткізді. Халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларды жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Шымкент халықаралық әуежайында бұл күні ерекше қуаныш орнады. Әдетте жолаушыларды қарсы алып, шығарып салатын орында бұл жолы ел мерейін асқақтатқан спортшыларды күткен жұрт жиналды. Олар саңлақтарды зор құрметпен қарсы алды.

Ибрагим Нұрмаханұлы Жапонияның Нагоя қаласында өткен дода пара дзюдодан 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен. Спортшы финалда өзбекстандық қарсыласын жеңіп, алтын медаль иеленді. Бұл — оның халықаралық аренадағы кезекті жетістігі.
Ал Айсұлтан Кулкаев пара жүзуден ел қоржынына күміс медаль салды. Ол аралас командалық құраммен еркін стильде жүзу эстафетасында өнер көрсетіп, командаластарымен бірге жүлдегер атанды. Бұл жеңіске ол өзінің ерік жігерінің арқасында жетіп отырғанын айтып қуанышымен бөлісті.
Жалпы қос спортшы да Шымкент қалалық №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінде жаттығады. Олардың халықаралық додада осындай нәтиже көрсетуі — тынымсыз еңбектің, жүйелі дайындықтың және бапкерлермен бірлесе атқарған жұмыстың жемісі.










