Шымкентте жас ғалымдардың үздік жобалары анықталды. Ел болашағына бағытталған тың бастамалар мен ізденімпаз жастардың басын қосқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы өз мәресіне жетті. Биыл жарыста 51 жоба сарапқа салынып, үздік шыққан бес жас 1 миллион теңгелік грант иегері атанды. Байқауға қатысып үздік атанғандардың қатарында 22 жастағы Алтынбек Қанатұлыда бар. Ол медиа бағыты бойынша «Digital-qadam» жобасын ұсынған. Оның бұл бастамасы– медиа саласын меңгеріп, оны өз кәсібінде тиімді пайдаланғысы келетін жандарға арналған тегін платформа. Әсіресе кәсібін жаңадан бастаған немесе оны дамытуды көздеген кәсіпкерлерге пайдалы болмақ. Жоба авторының айтуынша, платформаны әзірлеуге бір жыл уақыт кеткен. Өзі де маркетинг саласында үш жылдан бері еңбек етіп келеді. Енді жеңіп алған грант қаражатын жобаны дамытуға жұмсамақ.
Тағы да жеңімпаз атанғандардың бірі Нұрия Абдухалыққызыда бар. Ол ақпараттық технологиялар бағыты бойынша «QAMQOR MAP – Инклюзивті Шымкент картасы» жобасын әзірлеген. Нұрияның айтуынша бұл жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала ішінде кедергісіз жүріп-тұруына арналған. Карта арқылы оларға қолайлы нысандар мен инфрақұрылым туралы ақпарат қолжетімді болмақ. Жоба авторы бұл бастаманы негізінен небәрі бір айда жасаған.
Жыл сайын өтетін байқауға биыл 102 адам өтінім білдірген. Оның 51-і нақты жобаларын сарапшылар назарына ұсынып, қорғаудан өткен. Негізінен дода 12 тамыз бен 15 қазан аралығында ұйымдастырылды. Онда қатысушылар 5 бағыт бойынша бақ сынаған. Байқау қорытындысында бес бағыттың жеңімпаздары анықталып қана қоймай, өзге де қатысушылар назардан тыс қалмады. Олардың бірқатары түрлі номинациялар бойынша марапатталып, еңбектері мен бастамаларына қолдау көрсетілді. Жалпы мұндай байқаулар жастардың әлеуетін ашып, тың жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.

Ray ID: 8f3a2c1b9d4e5f6a · Performance & security by Cloudflare
site-verification-ok










