5,6 млрд теңге, 150 мың есептеуіш құралы, 50 пайыз абонент. Бұл – Шымкент қаласындағы ауыз су есептеуіш құралдарын ауыстыруға арналған жоба. Яғни бұған дейін тұрғындар өз қаражаты есебінен жаңартқан есептеуіштер енді тегін орнатылады. Алайда бұл мүмкіндік барлық абонентке бірдей қарастырылмаған. Тағы бір ескеретін жайт, жаңа құрылғы орнатылған соң төлем тарифі қымбаттауы мүмкін.
Баспасөз мәслихатында қойылған сауалдардан кейін тұрғындар тарапынан туындаған бірқатар мәселе әлеуметтік желіде наразылық тудырды. Азаматтардың айтуынша, есептеуіш құралдарын өз қаражатына ауыстырып жатқан көрінеді. Яғни халыққа көрсетілетін қызметтің шығынын кім көтеруі тиіс деген сауалдың түйіні тарқатылмай тұр.
Дәл осы мәселеге қатысты Кенжеболат Қуандықұлы қайта жауап берді.
Жалпы, Қазақстан заңнамасына сәйкес, әр бес жыл сайын есептеуіш құралдары тексеруден өткізіліп, қажет болған жағдайда ауыстырылуы тиіс.
Маманның сөзінше, ұлттық жоба аясында 2027 жылы 150 мың есептеуіш құралын ауыстыру жөнінде жоба ұсынылған. Бұл қаладағы абоненттердің 50 пайызын қамтиды. Ал қалған бөлігіне қатысты мәселе қалай шешілмек?
Бұл сауалға жауап берген жауапты тұлға есептеуіш құралдарының белгіленген мерзімге сәйкес ауыстырылатынын атап өтті. Сондай-ақ жобаны 2030 жылға дейін жүзеге асыру көзделіп отырғанын және оған жыл сайын қаражат бөлінуі мүмкін екенін жеткізді.
Алайда бүгінге дейін есептеуіш құралын өз қаражатына ауыстырған азаматтардың шығыны бұл жоба аясында өтелмейді.
Есептеуіш құралдарының бағасына қатысты да тұрғындар арасында түсінбеушілік туындаған. Айтуларынша, бір азамат есептеуішті 15 мың теңгеге ауыстырса, енді бірі 40, тіпті 80 мың теңге төлеген. Сонда бір қаладағы есептеуіш құралдарының бағасы мен сапасы әртүрлі ме?
Ал маманның сөзіне сүйенсек, бұл ретте бағаны мемлекет те, департамент те реттемейді.

Ray ID: 8f3a2c1b9d4e5f6a · Performance & security by Cloudflare
site-verification-ok













