Боз кілемнен әлемдік додада Шымкенттік спортшы ел мерейін үстем етті. Мейіржан Шермаханбет грек-рим күресінен 67 келі салмақта сынға түсіп қола жүлдені қанжығасына байлады. Халықаралық әуежайда спортшыны туған-туыстары мен жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.Шымкент әуежайында Мейіржан Шермаханбетті күтіп алғандардың қарасы қалың болды. Қолына гүлін ұстап, спортшыға қолдау білдіруге келген туған-туыстары мен жанкүйерлері жеңімпазды ерекше ықыласпен қарсы алды.
Бозкілемдегі әр белдесуін экраннан тамашалаған жерлестері бұл жолы спортшыны арнайы келіп жеңісімен құттықтады. Қарсы алу рәсіміне қатысқан Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев спортшыны Азия ойындарындағы кезекті жүлдесімен құттықтады. Ол Мейіржан Шермаханбеттің бозкілемдегі табандылығы мен кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті. Себебі Азияның басты додасында жүлде алу – жоғары дайындық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Ал қатарынан екінші рет жүлдеге ілігу – спортшының тұрақты шеберлігін көрсетеді.
Мейіржан Шермаханбеттің қола жүлдесі – Шымкент спортындағы айтулы жетістіктердің бірі. Азия ойындарында ел намысын қорғаған жерлестеріміз осылайша халықаралық аренада қаланың спорттық әлеуетін тағы бір мәрте танытты. Мұндай жеңістер жас спортшыларға жігер беріп, үлкен мақсаттарға ұмтылуына жол ашады.










