Қолдау бар жерде мүмкіндік те бар. Қалада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 12 орталық жұмыс істейді. Қызмет алушылардың өмір сапасын жақсарту және қоғамға бейімдеу мақсатында кәсіби мамандар ұдайы жұмыс жүргізеді. Әлеуметтік қолдау ұйымы ерекше жандарға арнап кезекті концерттік шарасын өткізді.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау тек мерекелік шаралармен шектелмейді. Мамандардың айтуынша, тұрғындар протездік-ортопедиялық және техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, жеке көмекші, ымдау тілі маманы мен Инватакси қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ шипажайға жолдама алу мүмкіндігі қарастырылған. Қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қабылданады.
Баланың бойындағы қабілетті ашып, шығармашылыққа баулу да маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін арт-студияда ерекше балалар қолөнер бұйымдарын жасап, түрлі шығармашылық әдістерді меңгереді. Мұнда олар жаңа дүниелерді үйреніп қана қоймай, өз мүмкіндіктерін байқап, қатарластарымен араласады. Әрбір жасаған бұйымы – талпыныс пен еңбектің нәтижесі.
Біз біргеміз бәрін бірдей қолдаймыз концерттік бағдарламасы қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахнада ән шырқалып, би биленді. Сиқыршылар түрлі фокустарын көрсетіп, көрермендерді таңғалдырды. Түрлі өнер көрсетілімдері жиналған жұртшылықты қуантып, мерекелік атмосфера қалыптасты. Қоғамның шынайы жанашырлығы – әр адамның өзін қажет, әрі тең сезінуіне жағдай жасау. Сондықтан ерекше жандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау, олардың қабілетін дамытуға арналған жобалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Ray ID: 8f3a2c1b9d4e5f6a · Performance & security by Cloudflare
site-verification-ok













