Шымкентте мектеп бітіру кештерін өткізуге қатысты талап күшейтілді. Биыл алғаш рет қала әкімінің арнайы қаулысы қабылданып, мектеп бітіру іс-шараларында мерекелік дастархан ұйымдастыруға, автокөлік шерулерін өткізуге және мұғалімдерге сыйлыққа ақша жинауға қатаң тыйым салынды. Бұл туралы Білім басқармасының өкілдері арнайы баспасөз конференциясында мәлімдеді. 2025–2026 оқу жылының аяқталуына байланысты өткен жиында жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар сөз болды. Баспасөз мәслихатына Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Дәрібаева және Шымкент қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Данабай Алиев қатысты. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, мектеп бітіру кештері қарапайым әрі қауіпсіз форматта өтуі тиіс. Артық сән-салтанатқа, заңсыз ақша жинауға және оқушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жол берілмейді.
Сонымен қатар жазғы демалыс маусымында балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылып отыр. Биыл қаладағы оқушылардың 93 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланған. 224 мыңнан астам бала мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарында демалады. Жазғы лагерлердің жұмысы да қатаң бақылауда болады. Мамандар лагерьлерде орын санының сақталуы, санитарлық талаптар мен қауіпсіздік ережелерінің орындалуы тұрақты тексерілетінін айтты. Ал полиция департаменті кәсіпкерлерге арнайы ескерту жасады. Мектеп бітіру кештерін өткізу барысында заң талаптарын бұзған мейрамхана, демалыс орны мен өзге де кәсіп иелері жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мамандар ата-аналарды да ысырапшылдыққа жол бермей, балалардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға шақырады. Ресми өкілдердің айтуынша, мектеп бітіру кеші — бәсеке емес, тәрбиелік мәні бар маңызды шара болуы тиіс.











