Қабілеті бардың қарымы қапы қалмасын. Тек оған тұсау салмай, талабын шыңдауға мүмкіндік беру керек. Осы мақсатта мегаполисте ерекше жастар арасында спорттық турнир өтті.
Бүгінгі бәсекенің бәсі бөлек. Себебі мұнда жеңіс үшін ғана емес, әр жастың қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік беру көзделген. Ал жарыс Жастар саясаты басқармасының «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Жастар арасындағы додаға 60 спортшы қатысты. Соның 20-дан астамы үстел теннисінен шеберлігін көрсетті. Жүздерінен осы спорт түріне деген қызығушылық байқалған жас өрендердің жеңіске деген талпынысы да айқын.
«Жалын» қоғамдық бірлестігі Жастар саясаты басқармасының тапсырмасымен өмірлік қиындыққа тап болған балалардың қоғамнан шет қалмауына мүмкіндік жасап келеді. Дәлірек айтсақ, ерекше жастар арасында түрлі әлеуметтік жобаларды ұйымдастырады. Бүгінгі спорттық дода да осы игі істің бір белесі.

Дегенмен, бұл бәйгеге жастарды баптап жүрген ұстаздардың еңбегін айтпай кетуге болмас. Жаттықтырушының айтуынша, сөйлеу мүмкіндігі шектеулі балалармен тіл табысуға кедергі жоқ. Себебі олар арнайы аудармашы маманмен бірлесе жұмыс істейді.
Миллионды мегаполисте 12 мыңнан астам ерекше бала бар. Әрқайсысының көңілінде үміт оты, көкейінде бір арманы бар. Сол арманға қанат бітіріп, қабілетін шыңдауға мүмкіндік беру – қоғамның ортақ міндеті.

Ray ID: 8f3a2c1b9d4e5f6a · Performance & security by Cloudflare
site-verification-ok










