№150 жалпы білім беретін мектепте «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында акцияның шымылдығы салтанатты түрде ашылды. Экология, өлкетану және туризм орталығының ұйытқы болуымен өткен шараға Экология департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасы, Білім басқармасы, Еңбекші ауданы әкімдігі мен туризм саласының өкілдері, педагогтер және мектеп оқушылары қатысты. Ал басты мақсат – қоршаған ортаны аялауды азаматтық парызға айналдыру.
Игі істің ашылу салтанатында әкімдік өкілдерінен бастап бірқатар азамат сөз алып, іс-шараның маңызына тоқталды. Ал мектеп оқушылары шараға сақадай сай дайындалып, өнерлерін ортаға салды. Қалай десек те, жас өрендер қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын өлеңмен де, бимен де, жас экологтардың үндеуімен де көпшілікке жеткізді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар екі тарапқа алғыс хаттар табыстап, бір-біріне ризашылықтарын білдірді. Көп ұзамай ағаш егу рәсіміне кезек беріліп, көшет отырғызу жұмыстары басталды. Осылайша, ізгі бастамаға жол ашылып, жасыл желекті жайқалтуға бағытталған игі іс жалғасын тапты.
Көпті көрген қариялар да көшет отырғызып, көпке үлгі көрсетті. Игі шара аясында жалпы саны 100 түп көшет егілді. Атап айтқанда, арша, бозарша, қарағай, каштан, шынар, айлант, катальпа мен емен ағаштары топыраққа тамыр жайды. Алдағы уақытта №150 мектептен бастау алған бастама өзге білім ұяларында да жалғасын таппақ.
Айта кетейік, «Менің атаулы ағашым» қалалық акциясы төрт күнге жалғасады. Бұдан бөлек, игі бастама №2, №138 және №147 жалпы білім беретін мектептердің аумағында да өтеді. Төрт күн ішінде барлығы 480 түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.

Ray ID: 8f3a2c1b9d4e5f6a · Performance & security by Cloudflare
site-verification-ok











