Шымкенттік оқушылар республикалық чемпионаттан олжалы оралды. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ерлігіне тағзым еткен бәсекеде өңірден қатысқан командалар унифайт спорт түрінен сынға түсті. Жеңіс тұғырынан көрінген жас өрендерді жерлестері теміржол вокзалында салтанатты түрде қарсы алды.
Республикалық чемпионат Бауыржан Момышұлын еске алу мақсатында Алматы қаласында ұйымдастырылған. 10-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өткен аламанға Шымкенттен үш мектептің 50 оқушысы қатысты. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Шакиров Абдурахман да бар. Ол жарыста бірінші орынды иеленді.
Байқауға Қазақстанның әр өңірінен 800-ге жуық спортшы қатысты. Бес күнге созылған бәсекеде Шымкент қаласының оқушылары командалық есепте екінші орын алды. Ал жүлдегер атанған жас спортшылар қараша айында Түркия мемлекетінде өтетін әлем чемпионатына қатыспақ.
Бүгінде оқушылардың жетістігі тек мектеп ұжымын ғана емес, ата-аналарын да зор қуанышқа бөледі. Тіпті «Мұрагер» ардагерлер кеңесінің мүшелері де республикалық чемпионаттың жүлдегерлерін теміржол вокзалында салтанатты түрде қарсы алып, арнайы марапаттар мен сый-сияпаттарын табыстады.
Бұл жетістік мұнымен шектеліп қалмақ емес. Қалай десек те, жас спортшылар алдағы уақытта әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғауды мақсат етіп отыр.

Ray ID: 8f3a2c1b9d4e5f6a · Performance & security by Cloudflare
site-verification-ok












