Шымкенттің халқы бүгінде 1 миллион 300 мыңға жуықтады. Халық көбейген сайын сапалы медицинаға деген сұраныс та артып келеді. Ал осы қарқынға денсаулық сақтау жүйесі дайын ба? Науқастың өмірін сақтап қалатын жаңа технологиялар, жасанды интеллект және заманауи медициналық жабдықтар қалай жұмыс істеп жатыр?
Цифрлық технология медицина саласына да дендеп енді.
Қазір жедел жәрдем қызметінде жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Фельдшерлердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мақсатында арнайы бейнежетондар қолданыла бастады. Олар қызметкер мен пациент арасындағы жағдайды тіркеп, даулы мәселелерді әділ шешуге мүмкіндік береді. Ал тұрғындар жедел жәрдем шақырғаннан кейін арнайы цифрлық жүйе арқылы бригаданың нақты қай жерде келе жатқанын бақылап, оның келу уақытын алдын ала көре алады. Бұл ашықтықты арттырып, қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.













