75 жыл бойы Қазақстанның оңтүстік аспанын күзетіп келе жатқан авиациялық база. Мыңдаған әскери ұшқыштың тағдырын тоғыстырған, ондаған жауынгерлік міндетті мінсіз орындаған әскери бөлім бүгін мерейтойын атап өтті. Шымкенттегі авиациялық базаның 75 жылдығына арналған салтанатты шарада әскери техника көрмесі ұйымдастырылып, үздік әскери қызметшілер марапатталды. Толығырақ алдағы бейнематериалда. Мерекелік іс-шара әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын салтанатты алып шығудан басталды. Сапқа тұрған жеке құрамды авиациялық база командирі, полковник Нұрболат Жауынбеков құттықтап, бірнеше буын әскери ұшқыштарының ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ әскери борышын үлгілі атқарып жүрген сарбаздар мен офицерлерге кезекті әскери атақтар беріліп, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Мерейтой тек мереке ғана емес, тағзым күніне де айналды. Әскери қызметшілер мен ардагерлер Абай саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке және соғыс жылдары Шымкентте жұмыс істеген Чугуев әскери авиация ұшқыштар мектебі түлектеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан әскери ұшқыштарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мерейтойлық шара «Түркістан сарайындағы» мерекелік концертпен қорытындыланды. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бүгінде елдің әуе шекарасын күзетіп жүрген әскери қызметшілерге алғыс айтылды. 75 жылдық тарихы бар Шымкент авиациялық базасы – еліміздің оңтүстік әуе шебін қорғайтын негізгі әскери құрамалардың бірі. Кезінде барлау авиациялық полкі ретінде құрылған бөлім ондаған жыл ішінде бірнеше кезеңнен өтіп, бүгін заманауи техникамен жабдықталған кәсіби әскери құрылымға айналды. Ал оның басты міндеті өзгерген жоқ – Қазақстанның бейбіт аспанын қорғау.











