Елімізде 1 қыркүйектен бастап қазақстандық мектептерде жаңа пәндер оқытылатын болады. Кемел келешектің кілті де, қуатты мемлекеттің тұғыры да – саналы ұрпақтың қолында. Ата заңымыз қабылданып, күшіне енгеннен кейін білім саласына бірқатар жаңашылдықтар енгізілген. Өйткені цифрлық дәуірде іргелі елдердің қатарынан көріну үшін, білімді ұрпақ тәрбиелеу – уақыт талабы.
Енді қазақстандық мектептерде «Конституция негіздері» мен «Қазақстан географиясы» атты екі жаңа пән енгізіледі. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі бұл өзгерістердің мақсаты оқушылардың жауапкершілігін арттырып, оларды қазіргі өмірге бейімдеу екенін алға тартты. Сонымен қатар бастауыш білім беру жүйесі де жаңарады. Оқу жүктемесі жеңілдетіліп, базалық білімге басымдық беріледі. Атап айтқанда, 1–4-сыныптарға арналған математика бағдарламасы толық қайта қаралып, күрделі тақырыптардың бір бөлігі жеңілдетілді.












