Шымкентте 100 отбасы ескі үйден жаңа баспанаға қоныс аударды. Көптен күткен қоныстойдың қуанышын сезінген тұрғындар жаңа пәтердің кілтін қолына алды. Бұл — бір әулет үшін жаңа өмірдің бастауы болса, енді бірі үшін жылдар бойы жалдамалы пәтер жағалап жүрген күндердің артта қалған сәті.
Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Кезекті үй табыстау рәсімінде 100 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Жүздеген жанұя үшін бұл күн көптен күткен қуанышты сәт әрі өмірлеріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды.
Ақжайық шағынауданындағы жаңа баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған және мемлекеттік жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысқан азаматтарға берілді. Пәтер кілттерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова салтанатты түрдетабыстады. Баспаналар «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі арқылы төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға ұсынылды.
Пәтер бөлу барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінді. Жаңа пәтер иелерінің қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, мүгедектігі бар азаматтар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар.
Айта кету керек, Шымкентте жыл соңына дейін 6 жарым мыңнан астам пәтер беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 983 жалдамалы және 4 568 несиелік пәтер бар. Бүгінде мегаполис мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша көшбасшы қалалардың біріне айналып келеді. Қолжетімді баспана бағытындағы мұндай жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қаладағы әлеуметтік тұрақтылық пен инфрақұрылымның дамуына да серпін бермек.











