1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Осыған орай Шымкент қаласында «Бақытты балалық үшін» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған мерекеге мыңдаған тұрғын мен қала қонақтары қатысты. Толығырақ тілші материалында.
Мерекелік шараға 1500-ден астам өнерпаз бала қатысып, өз өнерін көпшілік назарына ұсынды. Іс-шараны тамашалауға 2000-ға жуық қала тұрғыны мен қонағы жиналды. Мерекеге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.
Іс-шара аясында «Бақытты шақ» тақырыбындағы суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, үрмелі аспаптар оркестрінің салтанатты шеруі мен домбырашылар оркестрінің концерті көпшілік назарына ұсынылып, өнерпаздар мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» тақырыбында қолөнер шеберлерінің арнайы шеберлік сағаттары да өткізілді. Қағаздан көркем туындылар әзірлеу, ағаш пен сымтемірден шағын мүсіндер құрастыру, қыш құмыра жасау өнері, қуыршақ дайындау және ұлттық үстел ойындары таныстырылды.Балалар ән айтып, би билеп, түрлі шығармашылық қойылымдар көрсетіп, мерекелік бағдарламаның сәнін келтірді. Бұл күні бүлдіршіндер өз таланттарын ортаға салып қана қоймай, қатарластарымен бірге шат-шадыман көңіл күйде уақыт өткізді. Мерекелік бағдарлама балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға және бақытты балалық шақтың маңызын насихаттауға бағытталды.








