Шымкентте «Бостандық бағасы» тақырыбында жастармен жиын өтті. 1200-ге жуық оқушы жазасын өтеушілермен тікелей эфирде тілдесті. Іс-шарада жас өрендердің құйтырқы әрекеттер мен ауыр қылмыстан аулақ болуы ескертілді.
Тәртіп – бас бостандықтың кепілі. Қала әкімдігі мен құзырлы органдар мектеп және жоғары оқу орындарының жастарын бір алаңда тоғыстырып, бейбіт әрі тыныш өмірдің құнын көрсетті. Онда қоғамда кеңінен етек алған есірткіге тәуелділік пен оны тасымалдаушы адамдардың тағдыры нендей күйге түсетіндігі бейнематериал арқылы көрсетіліп, жазасын өтеушілермен телекөпір орнатылды.
Жеңіл ақша – ауыр қылмыстың бастауы. Оңай табыс табамын деп ойлағандардың бірі – Әлинұр мен Мирас есімді азаматтар. Бүгінде тиісті жазаларын өтеп жүр. Қу дүниенің құрбаны болған жігіттер әу баста Telegram әлеуметтік желісінде курьерлік жұмыс бар екенін көріп, ақшасының да көңілге қонымды екеніне көз жеткізеді. Десе де, мұның артында бір шикілік бар болатын. Ол – есірткі саудасы. Баланың тәрбиелі болып қалыптасуына қоршаған ортаның әсері мол. Яғни оның кіммен араласып, немен айналысатыны ата-ананың назарында болғаны жөн. Десе де, «үй баласы түзде жүріп бой түзейді». Сондықтан «Үш адам – үш тағдыр» атты бейнематериал жалпы білім беру кеңістігіндегі әрбір чатқа таратылып, жаппай ескерту жасалуда.
Өткеннің өмірі – өзгеге сабақ. Мұнда келген әрбір жас өрен бостандықтың бағасын түсінгендей. Мамандардың айтуынша, мұндай ескертпелер екінші бір тұлғаның қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізеді.