Шымкентте тек Түркия мен Кореяда жасалатын күрделі оталар тегін жасалып жатыр. Бұл — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүзеге асуда. Құны 6 миллионнан басталып, 15 миллион теңгеге дейін жететін жоғары технологиялық операциялар енді шетелге шықпай-ақ, жергілікті дәрігерлердің көмегімен жасалуда. Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында ағза алмастыру, қан тамырлары және рентгенэндоваскулярлық хирургия бағытындағы күрделі оталар сәтті жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен 200-ге жуық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Оның ішінде ми қан тамырларының күрделі патологиялары, жүрек-қан тамырлары аурулары, сондай-ақ бүйрек пен бауыр трансплантациясы бойынша жоғары деңгейдегі операциялар бар. Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бахытжан Позилов айтуынша, медициналық ұйым 530 төсек-орынға лайықталған. Оның 375-і хирургиялық профиль бойынша тәулік бойы қызмет көрсетеді. Ал трансплантология бөлімінде бүгінге дейін 32 бауыр және 250 бүйрек алмастыру отасы сәтті жасалған.
Қан тамырлары және рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесіндегі заманауи ангиографиялық операциялық блок тәулік бойы шұғыл әрі жоспарлы көмек көрсетеді. Мұнда жыл сайын шамамен 600 күрделі операция жасалады. Осындай күрделі ота жасатқан пациенттердің бірі – Халида Абдулхаева. Дәрігерлер оған «ұйқы безі басының түйіні» диагнозымен екі кезеңнен тұратын күрделі операция жасаған. Алты сағатқа созылған отадан кейін пациенттің асқазанының үштен бірі алынған. Қазір операциядан кейінгі жетінші күні ем қабылдап жатыр. Көпбалалы ана ретінде мемлекет тарапынан сақтандырылған тұрғын бұл емді МӘМС аясында алған. Оның айтуынша, операцияға дайындық бір ай жүргізілген. Мамандардың сөзінше, халықаралық тәжірибені енгізу мен заманауи технологиялардың арқасында бүгінде шымкенттік дәрігерлер ең күрделі оталарды сәтті жасап келеді. Жыл сайын денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі де артып отыр. Қазір қалада 174 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның 34-і мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік клиникалар.











