Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов бүгін 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен барша нәзік жандыларды құттықтады, — деп хабарлайды «Айғақ-ақпарат» тілшісі әкімнің фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасай отырып.
Әлеуметтік желіге салған суреттеріне қарағанда Рашид Аюпов Түркістан қаласының дамуына үлес қосқан ақ жаулықты аналардың шаңырағына арнайы барып мерекелік сыйлығын табыстаған.
«Мерекелік құттықтауды қаламыздағы апа-әпкелеріміздің алдынан өтуден бастауды жөн санадым.
Мамыр айында 100 жасқа толатын Мапуза Усматуллаева апамызға жолықтым. Көрген-білгені мол, ақ жаулықты апаларымыздың арамызда жүргенінің өзі — біздер үшін үлкен бақыт. Әлі де даналығымен бөлісіп, ортамызда ұзақ болуына тілекшімін.
Мәдениет саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, «Би падишасы» атанған қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева ханымның денсаулығын сұрап, тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірдім.
Сондай-ақ, Роза Шарапиева әпкемізбен кездесіп, озат оқушыларды тәрбиелей, білім саласындағы еңбегі үшін алғыс айттым. Әлі де ұзақ уақыт балаларының қызығын көру бұйырсын!», — делінген Р.Аюповтың әлеуметтік желіде қалдырған жазбасында.