— Қызылорда облысы 2018 жылы «Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» ретінде танылды. Мұны бағалаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына «Хан тәңірі» сыйлығын табыстаған болатын. «Өңірлердің өсуі» атты жобаның негізінде әріптесіміз Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуын насихаттап, Қызылорда қаласы әкімінің халыққа берген есебін тыңдап қайтты.
— Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Төлеби ауданындағы шоколад цехын ашып, аралау барысында «Түркістан» шоколадын жасап шығаруды ұсынды. Сондай-ақ, Бірінші Мамыр ауылындағы емхананың ашылу рәсіміне де қатысып, ондағы мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.
— ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Майра Айсина Түркістан облысына табан тіреді. Ондағы мақсат облыстағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге жеке есепшот ашып, қаржы салу. Мәжілісмен Арыс қаласы мен Шымкент қаласындағы 7 балаға көмек қолын созды. Бүлдіршіндермен кездескен Майра Айсина балалардың жеке құқықтарын және заң аясын таныстырып өтті.
— Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында егемен еліміздің өсіп-өркендеуі жолында айқындап берген басымдықтар ішінде ұлт денсаулығына айрықша көңіл бөліп келеді. Міне, осы бағыт аясында Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар қолға алынып салада бірқатар көрсеткіштер бойынша оңды нәтижелер байқалып отыр. Айталық 2018 жылдың қорытындысымен облыста ана өлімінің көрсеткіші 35,6 пайызға төмендесе, нәресте өлім де сәйкес мерзіммен салыстырғанда едәуір азайған. Бұл туралы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев өткен жылдың қорытындысы мен алдағы міндеттер барысын баяндаған баспасөз жиынында мәлім етті.
— «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың ауыз су шаруашылығында тиімділігі қандай?! Бұл туралы бүгін, «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесінің төрағасы Анарбек Орманов баспасөз жиынында айтып берді.
— Кәсіптік саладағы мамандардың санын арттыру бүгінгі заман талабы. Шарадара ауданындағы №16 колледжде 800-ге жуық талапкерлер кәсіптік білім алуда. 10 мамандық бойынша сапалы білім беретін оқу ордасында 600 студентке шақталған жатақхана қарастырылған.
— 6 ақпан күні Шымкент қаласының Байтұрсынов көшесі мен Келешек көшелерінің қиылысындағы жекелген тұрғын үйлердің бірінде жергілікті ерлі зайыпты кәсіпкерлерді белгісіз біреулер өлтіріп кетті. Қолда бар мәліметтер бойынша қарулы адамдар үйге терезе арқылы кірген. Ал, қарақшылық шабуыл салдарынан 64 жастағы үй иесі мен оның 62 жастағы зайыбы қаза тапқан. Әзірше қылмыскерлер кәсіпкердің үйінен алтын әшекей бұйымдар ұрлағаны белгілі. Айдың күнінің аманында орын алған бұл қылмыстық оқиға қала тұрғындарын алаңдатып отыр. Себебі, Елбасының өзі қоғамдық қауіпсіздік саласына баса мән берілуі қажет деп отырған тұста осындай ауыр қылмыстардың орын алуы көпшілікті бей-жәй қалдырмайтындығы анық. Бұл тұрғыда Шымкент қаласының көптеген көшелеріне соңғы жылдары бейнебақылау камералары орнатылып қауіпсіздік шаралары мықтап қолға алынып отырғанымен осындай жан түршігерлік қылмыстардың орын алып жатқандығы әлі де болса қоғамдық тәртіпті күшейте түсу қажеттігін айқындап тұр. Күні кеше Шымкент қаласында орын алған осы бір ауыр қылмыс жергілікті ардагерленр қауымын да алаңдатып отыр. Осы орайда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбай Исамудин ақсақал мұндай әрекеттердің орын алуы бірінші кезекте тәрбие мәселесіне байланысты екендігін айтады. Сонымен бірге қылмыстық оқиғалардың дер кезінде алдын алып анықтау бағытында құқық қорғау органдары да табанды жұмыс жасаулары қажет деп санайды.
— Білікті дәрігер, елімізге аты әйгілі хирург-трансплантолог, Мәди Биғалиев өмірден озды. Алтын скальпель иегері, 40 жыл ғұмырын медицинаға арнап, Гиппократ антына берік болған, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер-хирург өз ісінің білігірі еді. Ұзақ жылдары №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері (бұрынғы Шымкент қалалық жедел көмек көрсету ауруханасы) болып абыроймен қызмет атқарған. Ол Қазақстандағы санаулы трансплантологтың бірі еді. Скальпель алмаған бірде бір күні болмаған ақ халатты абзал жан 125 қазақстандықтың бүйрегін, 17 отандасымыздың бауырын алмастырса, былтыр 16 шетелдік азаматқа сәтті ота жасады. Мәди Биғалиевтің мезгілсіз қазасына орай отбасы мен туған туыстарына қайғыра көңіл айтамыз! Алды пейіш, арты кеніш болсын. Алла ұрпақтарына өмір берсін!
«Айғақ-ақпарат».