Бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп түскен сұрау салуларға байланысты Конституциялық Кеңестің баспасөз қызметі мынаны түсіндіруді қажет деп санайды.
Конституцияға сәйкес Кеңес Негізгі Заңның нормаларына ресми түсіндірме береді.
4 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы өтініші іс жүргізуге қабылданды.
Мемлекет басшысының өтініші елде 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформаның негізгі ережелерін іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруға байланысты.
Өз өтінішінде Республика Президенті мына мәселеге жауап беруді сұрайды:
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының
3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық болып табылады ма?».
Кеңес өз өкілеттіктеріне сәйкес отырысқа материалдарды дайындау бойынша жұмысты бастады, онда аталған өтініш мәні бойынша қаралатын болады.
Конституциялық Кеңес өтініш нысанасы бойынша халықаралық тәжірибеге, шет елдердің конституциялары мен заңнамасына, көрсетілген мәселелер бойынша ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне және басқа да материалдарға мұқият талдау жасайтын болады, бұл Кеңестің тұрақты қызметі болып табылады.
Кез келген басқа өтініш сияқты, қазіргі уақытта Конституциялық Кеңес Төрағасының өкімімен баяндамашы тағайындалды.
Мүдделі мемлекеттік органдарға қорытынды беру туралы сұраулар салынды. Өтініш бойынша сарапшылар ретінде конституциялық құқық мәселелеріне мамандандырылған белгілі құқықтанушы ғалымдар тартылды.
Материалдарды дайындау аяқталғаннан кейін Конституциялық Кеңестің отырысы өтеді, онда мемлекеттік органдар мен өзге де субъектілердің пікірлері тыңдалады.
Негізгі Заңға сәйкес Конституциялық Кеңес өз шешімін бір ай ішінде шығарады.
Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.
Осы жылдар ішінде Конституциялық Кеңес жүздеген өтініш, олардың ішінде 20-дан астам Мемлекет басшысының өтінішін қарағанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар Премьер-Министр, Парламент Палаталарының Төрағалары, Парламент депутаттарының кемінде бестен бір бөлігі мен соттар да Конституциялық Кеңеске өтініш беру субъектілері болып табылады.
Барлық осы субъектілердің өтініштері бірыңғай рәсім шеңберінде қаралады.
Осыған байланысты Конституциялық Кеңес өз қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің аталған өтінішін тиісінше қарау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.
ksrk.gov.kz