ҚазАқпарат — ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі WhatsApp мессенджерінде тараған қауіпті ет туралы хабарламаға пікір білдірді.
Соңғы уақытта түрлі әлеуметтік желіде, атап айтқанда, WhatsApp-та белгісіз біреулер мынадай ақпарат таратқан:
«Сәлем, бауырлар!!!Әзірге ешқандай малдың етін алмаңыздар!!! Суға кеткен жақтардан өлген малдардың етін камаз-камаз тиеп, базарға әкеліп өткізіп жатқанын көргендерден естіп шошып кеттім. Ағайын-туыстарыңызға ескертіңіз!!! Самса алмаңдар, базарда мусырға лақтырған сиыр, түйе, жылқы бас сүйектерін өзбектер жинап алып уксуспен жуып, приправалар қосып самса жасайды. Өтініш. Осыны барлық мұсылман бауырларға таратыңдар, біліп жүрсін», — делінген хабарламада (мәтіннің түпнұсқа орфографиясы сақталған).
Министрліктен бұл хабарламадағы факті расталмағанын мәлім етті.
«Бұдан басқа, сатуға әкелінген ет ветеринарлық-санитарлық сараптамамен тұрақты күнделікті бақылаудан өтеді. ҚР заңнамасына сәйкес ілеспе ветеринарлық құжаттары жоқ ет пен ет өнімдерін сатуға жол берілмейді», — делінген ведомство хабарламасында.
Дереккөз: inform.kz