Елімізде соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесін, оның ішінде онкологиялық қызметті жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. «Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру Қазақстанда онкологиялық қызметтің әлеуетін ішінара нығайтуға, нарықтық тетік элементтерін енгізуге, заманауи медициналық технология трансфертін іске асыруға, жекелеген онкологиялық диспансерлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, обырдың ерте диагностикасы бойынша заманауи әдістерді енгізуге, кадрлар даярлауға ықпал етті.
Соңғы 5 жылда бағдарламаны іске асыруға 200 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бірақ, қабылданған бағдарлама нәтижесінде Қазақстанда онкологиялық қызметті жақсартудың жақсы жақтары орын алғанымен, көптеген мәселелер әлі шешімін таппай отыр. Барлық облыстық диспансерлер шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мәртебесін ала алмауда. Онкологиялық науқасты емдеу құнының тарифтері әртүрлі, онкологиялық диспансерлерді жабдықтаудың бірыңғай стандарты анықталмаған, цитостатиктерді орталықтандырылған еріту кабинеттері барлық жерде ашылмаған. Қазіргі уақытта ем қабылдап жатқан онкологиялық науқастар санына орай онкологиялық қызметті қаржыландыру (науқастар саны өскен сайын қаржыландыру өседі) өзін өзі ақтамай, қызметті жетілдіруге ықпал ете алмауда. Өйткені, қаржыландыруды ұлғайту мақсатында әр мекеме басшысы есепке алынған онкологиялық науқас санын өсіруге тырысады. Ал бұл медициналық көмек сапасына да, статистиканың дұрыстығына да, жалпы онкологиялық қызметті дамытуға кері әсерін тигізеді.
Тағы бір айта кететін жайт, бағдарлама аясында скрининг жүргізуге қомақты қаражат бөлінгенмен, қатерлі ісікті анықтау көлемі айтарлықтай ұлғаймаған. Бүгінде скринингтің осы әдістерінің тиімділігі туралы бірқатар мәселе орын алып отыр. Мәселен, 2016 жылы мемлекетте өңеш, асқазан, жатыр мойны, колоректалдық обыр, қуықасты безі, гепатоцеллюлярлық обырдың 6 локализациясы бойынша скрининг жүргізілді. Тексерілген 1 988 662 адамнан скрининг бойынша тек 2015-нен онкологиялық науқас анықталды. Бұл барлық тексерілгендердің 0,1 пайызын құрап, онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткішінің төмендігін және скрининг кезінде бюджеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалғанын көрсетіп отыр. Скрининг бастапқы медико-санитарлық көмек (БМСК) мамандарының көмегімен жүргізілетіндіктен, ұйымдастыру мәселелерін дұрыс шешіп, сондай-ақ, скринингке қатысушылардың кәсіби деңгейін жоғарылату қажет еді.
Десек те, онкологиялық көмекті жетілдіру бойынша жүргізілетін іс-шаралар тиімділігінің жеткіліксіздігін мына деректерден де көруге болады.
Мәселен, елімізде өлім көрсеткіші бойынша қатерлі ісіктен қайтыс болғандар 2-ші орында тұр (12,1 пайыз). Жыл сайын елімізде 17 мыңға жуық адам қайтыс болса, оның 16,9 пайызын өкпе обыры құрайды. Жалпы, қатерлі ісіктерден болатын ауру көрсеткіші де өсіп, 9,7 пайызға жеткен.
Осы ретте, онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру нәтижесі халық пен медициналық қоғам арасында кеңінен талқыланбағанын атап өткен жөн. Халыққа көрсетілетін онкологиялық көмекті дамыту үшін бұл бағдарламаны қабылдау тиімділігі мен қанша қаражат жұмсалғаны белгісіз. Десек те, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында онкология елімізде денсаулық сақтауды дамытудың 5 басымдығының бірі ретінде анықталған. Онкология – бұл мультипәндік сала, науқасты емдеу кезінде әртүрлі сала мамандары қатысады: хирургтер, химиотерапевтер, әр бағыттағы терапевтер, сәулелік терапия дәрігерлері, диагностикалық құралдарда жұмыс істейтін мамандар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер. Яғни, адамның өмір сүру ұзақтығы мамандардың дұрыс қойған диагноздарына, кәсіби шеберліктеріне, емді дұрыс бастап, емдеу кезеңін дұрыс таңдауына байланысты.
Қазақстанда диспансерлік әдістерге негізделген онкологиялық қызметті ұйымдастыру ұстанымдары өзін ақтағанын атап өткеніміз жөн. Бұл қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуін қамтамасыз етеді.
Алайда, бізді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында онкологиялық қызметті жүргізу барысы алаңдатады. Мысалы, Ресейде онкологиялық науқастарды кез келген көп салалы клиника емдей алады. Өңірлердегі ауруханалар онкологиялық науқастарды қабылдай береді. Себебі, оларға міндетті медициналық сақтандыру бойынша ақша төленеді. Ал рецидивтерге операция қажет керек болса, онкологиялық орталықтарда жасалады. Ал біздің тәжірибемізде жалпы емдеу жүргізетін медициналық ұйымдарда, жеке клиникаларда, шетелде операция жасалып, науқастың асқынумен келу жағдайлары көптеп орын алған.
Елімізде МӘМС жүйесінің енгізілуі және көп салалы хирургиялық стационарлар, оның ішінде жекеменшік клиникалардың онконауқастарға операция жасауға рұқсат алуы обырдың асқынуының өсуіне әкелуі мүмкін. Сөйтіп, көп жылдар бойы жолға қойылған жүйені жоғалтып алуымыз мүмкін. МӘМС жағдайында онкологиялық қызметті дамыту үшін қаржыландырудың нысаны мен түрі маңызға ие. МӘМС шеңберінде онкологиялық қызметті дамытуды қаржыландыру тетігі әлі жасала қойған жоқ. Онкологиялық науқастарға операция жасауға рұқсат берілетін медициналық ұйымдарды аккредиттеу талаптары қатаң болуы қажет. Барлық рецидив жағдайлары денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде қатаң қаралып, лицензиясын алуға дейінгі шаралар қолданылуы тиіс.
Сондай-ақ, онкологиялық науқастарға үш деңгейлі медициналық көмек көрсету идеясын қолдаймыз. Елімізде онкологияны нақты өңірлендіру (регионализация) саланы айтарлықтай жетілдіруге мүмкіндік береді, мамандардың кәсіби деңгейін жоғарылатады, заманауи құралдарды тиімді пайдалануға, жаңа технологияны жылдам енгізуге, әр деңгейде медициналық көмек көрсету стандарттарын әзірлеуге ықпал етеді. Мысалы, ұйқы безінің обыры сияқты қатерлі ауру сирек кездеседі. Ал оны диагностикалаудың өзіндік қиындықтары бар, операциялар да сирек жасалады, яғни асқыну мен рецидивтер жиі болады, тиісінше өлім көрсеткіші де жоғары. Науқасты уақтылы 3 деңгейде емдеу медициналық көмек сапасын жоғарылатуға, адам өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда медициналық көмек көрсетуді 3 деңгейге бөлу cипаты көбіне орындалмайды, бұл емдеу сапасына әсер етеді. Сондықтан онкологиялық науқастарға медициналық көмекті үш деңгейлі көрсету заңмен бекітілуі керек.
Қалай дегенде де, әлеуметтік маңызы бар ауруларға жататындықтан онкология қызметін қазіргі қалпында сақтап, қызметті қаржыландыруды мемлекет есебінен жүзеге асыру қажет деп санаймыз. Өйткені, бүгінде медициналық ұйымдардың бірқатарын шетелдік инвесторларға беру мәселесі көтеріліп отыр. Бұл онкология қызметіне де қатысты болуы мүмкін.
Сондай-ақ, бірінші кезекте пациенттің, медициналық қызметкердің, мемлекеттің мүддесін қорғап, барлық жұмыс талаптарын анықтауды ұсынамын. Инвесторларға мемлекеттік тапсырысты алып, обырдың күрделі формаларын диагностикалау мен емдеу жүргізіп, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 4 облысаралық онкология орталығын (оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс) ашуды ұсынуға болады. Бұл орталықтарда жалпы емдеу саласы мамандарына обырды ерте диагностикалау бойынша үздіксіз оқулар жүргізу қажет. Инвесторларды елімізде жоқ технологияларды енгізуге, мамандарды бұл технологияларға оқытуға, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу кезінде отандық өнімдерді алуға міндеттеу керек.
Жастардың онкология жөнінде сауаттылығын жоғарылату бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл аурудың асқынған сатысында онкопатологияның төмендеуіне әкеледі. Сондай-ақ, «Онкология» мемлекеттік ұлттық бағдарламасын әзірлеуді қажет деп санаймыз. Онда онкологиялық қызмет мәселелерін шешу тәсілдері мультипәндік болуы қажет, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мемлекеттік және жергілікті басқару органдары, қоғамдық ұйымдар осы маңызды мәселені шешуде бірлесіп күш жұмсауы керек. Яғни, бағдарламаның негізгі мақсаты – стратегияны анықтау және онкологиялық аурулар мен науқастардың өлім көрсеткішінің өсу қарқынын төмендету үшін обырға қарсы күрестің негізгі бағыттарын анықтау, емдеу сапасын, медициналық және әлеуметтік-еңбекпен сауықтыру емдерін жақсарту.
Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша әзірленген «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» әлеуметтік жобасы аясында денсаулық сақтау мәселелерін шешу жөніндегі қысқа мерзімді іс-шаралар жоспары онкологиялық аурулардан қауіптену, қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау, онкологиялық аурулардан болатын өлімді төмендету мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттырары сөзсіз.
Дереккөз: Egemen.kz