1 шілдеде күшіне енетін Ата Заңда мұғалімдердің құқықтары қалай қорғалады? Жаңа Конституцияның негізгі өзгерістері қандай? Қала аумағында заңгерлер тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өзекті тұстарын тарқатып айтып берді.
Ата Заңда көрсетілгендей, адам капиталы — ел дамуының басты алғышарттарының бірі. Қаратау ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Бек Әкімбай педагогтермен кездесті. Жиын барысында ұстаздар Конституцияға енгізілген бірқатар өзгерістермен танысып, Мәжілісте сөз сөйлеген депутат Асхат Аймағамбетов көтерген мәселелер төңірегінде сауалдарын қойды.
Қаратау ауданы Өтеміс тұрғын алабының тұрғындары да Ата Заңдағы жаңашылдықтарға өз пікірін білдіріп, оң бағасын берді. Сондай-ақ бұл өзгерістердің білім мен ғылым саласына серпін беріп, келер ұрпақ тәрбиесінің сапасын арттыратынына сенім білдірді.
Кездесу барысында тұрғындар мен ұстаздар Конституциядағы өзгерістердің қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін айтты. Ал мұндай ашық пікір алмасулар ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың көзқарасын айқындай түсті.