Сейсенбі күні Әл-Фараби алаңында орнатылған бас шыршаның шамы жағылды. Биіктігі 18 метрді құрайтын шыршаның шамын жағу салтанатына Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы қатысып, қала тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
— Өткен жыл еліміз үшін сәтті өтті деуге болады. Келе жатқан Мешін жылынан күтер жағымды жаңалықтар толағай болары анық. Алдымызда үлкен мақсаттар күтіп тұр. Олар да міндетті түрде орындалады және Жаңа 2016 жыл да жарқын келешекке бастайтынына нық сенімдімін. Елбасы айтып өткендей Шымкентті еліміздің үшінші ірі мегаполисына айналдыру үшін бірлесіп еңбек етеміз деп үміттенемін, — деді Ғабидолла Рахматолаұлы. Айта кетейік, қала тұрғындары асыға күткен Жаңа жылдық шыршаларды безендіру жұмыстары жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен жүргізілген. Бұдан өзге, Жаңа жылдық шыршалар қаланың бірнеше саябағында және Жаңа әкімшілік іскерлік орталығының алаңында орнатылатын болады.