Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың II кезеңі басталды. Байқауға қатысуға тілек білдірген 11 мыңнан аса оқушының тек 39%-ы ғана келесі кезеңге жолдама алған. Бұл орайда байқау ережелерінің оңайға соқпағаны белгілі. Тіпті өрескел қателіктерге бой алдырғандар да бар көрінеді.
«Шымкент — адалдық алаңы» жобалық кеңесінің жетекші Қамбар Жанидің айтуынша, Шымкентте академиялық адалдық мүлдем жоқ көрінеді.
«Республикалық пән олимпиадасын өткізу кезінде түрлі қитұрқы іс-әрекеттер анықталды. Бір оқушы бірнеше рет басқалардың да орнына тапсырған. Сондай-ақ ұстазы оқушысының орнына олимпиадаға қатыспақ болған. Ол маска тағып, шашын жайып айласын асырмақ болыпты. Бұл іс-әрекеттер бейнежазбаларды қарау кезінде анықталды» — дейді Жани Қамбар.
Айта кетейік, өрескел қателікке жол берген білім мекемелерінің көш басында №37 Фуркат атындағы жалпы орта мектебі мен №88 білім ұясы бар. Ережеге бағынбағандар туралы толық ақпарат Шымкент қаласы білім басқармасына жолданған. Аталған мектептер II кезеңде де мүлт кетсе, келесі жылы олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен айырылады.
Бұған дейін де осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беріліп келген. Алайда жабық түрде өткізіліп жүрген жарыстарда мұны анықтаудың мүмкіндігі болмапты. «Оқулық» платформасы арқылы талай олқылықтардың бары әшкере болып отыр. Енді кіл жүйріктер ғана топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінбек.
Айта кетейік, республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы атанатыныдарды үлкен сый күтіп тұр. Білім гранттары мен сертификаттарға шын мықтылар ғана ие болмақ. Ал байқаудың әділ өтуі басты назарда.