Шымкентте «Әкелер мектебі» ашылды. Бірқатар заңдарды негізге ала отырып, арнайы ереже де бекітілген. Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған мектептің бала тәрбиесіндегі рөлі қандай болмақ? Жаңа ұйымның жұмысы әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға септігін тигізе ме?
Әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және мектеппен байланысты нығайту мақсатында қалалық ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебі» құрылды. Қазақстан республикасының «Білім беру», «Бала құқығы» , «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» туралы заңдарды негізге ала отырып мектептің міндеттері, ережелері мақсаты бекітілген.
Аталған мектептің төрағасы болып ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кенжехан Төлебаев бекітілді. Ал құрамына Абай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұ.Башенов, Еңбекші ауданынан З.Жайшыбеков, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Анарбаев, саясаттанушы, философия ғылымдарының кандидаты С.Аралбайұлы, теолог М.Естеміров, еңбек ардагерлері — Е.Сатқанбай, И.Төлегенұлы бар.
Отбасындағы әкенің міндеттері мен жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған «Әкелер мектебінің» жұмысы жылдық жоспарға сай жүргізілмек. Әрине бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмасы анық. Әке болу бар да, әке бола білу бар. Аталған мектептің жұмысы кейбір жандарға ой салып, бала тәрбиесіне оң өзгерістер әкеледі деп сенеміз.
Айғақ -ақпарат