Еліміздің тоғыз облысынан жиналған ескекшілер арасынан оңтүстікқазақстандық спортшылар топ жарып, Ел Кубогін жеңіп алды. Алматының су қоймасында өткен жарыстың бірінші күні жерлестеріміз 6 алтын медальға ие болып, қалған екі күнде тағы 10 рет жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, күнгейлік ескекшілер Ел Кубогінде 16 алтын, 13 күміс және 12 қола медальға ие болып, командалық есеп бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Еске сала кетейік, соңғы бес жыл көлемінде Оңтүстіктің ескекшілері республикалық сынақтарда жеңісті қолдан бермей келеді. Бұл жолы да ағайынды Емельяновтардың өзі 5 алтын медаль жеңіп алып отыр.
Айта кету керек, бұл сынақ Әлем Кубогі үшін талас алдындағы іріктеу жарысы болып табылады. Енді Рио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған 6 жерлесіміз ұлттық құраманың сапында Беларусияда өтетін оқу-жаттығу жиынына жол тартады. Одан кейін, Германия мен Чехияға жоспарланған Әлем Кубогінің кезеңдерінде сынға түседі. Бұл байрақты жарыстарда жерлестеріміз Олимпиада алдындағы дайындығын пысықтайды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі