Шымкентте даңқты боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған Халықаралық турнир басталды. Биыл 23-ші мәрте өткізіліп отырған байрақты бәсеке осымен екінші рет Шымкент қаласында ұйымдастырылып отыр. Айта кету керек Әбдісалан Кәрімұлы Нұрмаханов КСРО чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері. Азия-Африка ойындарының жеңімпазы. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы бокстан Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы. Спорттық мансабында осындай жетістіктерді бағындырған былғары қолғап шеберін еске алуға арналған турнирге бұл күні даңқты спортшының шәкірттері де көптеп жиналды. Олардың арасында Сидней олимпиадасының чемпионы Ермаған Ибраимов, Болат Жұмаділов сынды бокс майталмандары да бар. Осы орайда еске алу турниріне Алматы қаласынан арнайы келген Әбдісалан Нұрмахановтың зайыбы Күлпаш Шаймерденова мен ұлына ерекше құрмет көрсетіліп шапан жабылды. Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған Халықаралық турнирге биыл жалпы саны 19 командадан 148 боксшы қатысып бақ сынауда. Яғни биыл бұл байрақты бәсекеге еліміз бен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия, және Малайзия елдерінің былғары қолғап шеберлері де қатысып отыр. Жарыста 10 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталса, спортшылардың бәсекелеріне халықаралық дәрежедегі төрешілер шақыртылған. Ал турнир 22 сәуір күні өз мәресіне жетіп, жарыс жеңімпаздары арнайы марапаттарға ие болатын болады.
Абай Омар