Қатыгез тағдырдың жазуымен сұм ажал арамыздан адал дос, қимас бауыр, ақкөңіл әріптесіміз Ықтияр Досовты алып кетті… Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, барша жанды бауырындай көретін сыйлы жан ұзақ жылдар «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында режиссер болып абыройлы еңбек етті. Өз ісінің маманы, өз саласының патриоты еселі еңбегімен Оңтүстік Қазақстанға танымал еді… Ол — нағыз маман, нағыз дос, нағыз жанашыр жан еді. Сүттей ұйыған шаңырақтың тірегі, 5 бірдей ұл-қыздың асқар таудай әкесі, тамырын тереңге жайып, алып бәйтеректей болған ел ағасы тілі балдай тәтті немересінің қызығына тоймай кетіп барады… Ол артында өшпес із қалдырды. Әттең.. Сұм ажалға қарсы амал бар ма? Күні кеше арамызда жарқырап жүрген сыйлы да қадірлі әріптесіміздің орны толмас қазасына қайғыра отырып, марқұмның отбасы, туған-туыстарына көңіл айтамыз! Ендігі Құдайдан бар тілеріміз – жаныңыз жәннатта болғай! Пейіштің нұры шалқысын дәйім жүзіңнен! Қош, әріптес…
Жалғанға мына кім келіп, соңы кім өтпес?!
Жұлдызың өтті дем арасында жанып тез.
Тағдырға көніп, сабырды серік еткенмен
Қимаймыз әттең, талантты біздің әріптес!
«Айғақ» телеарнасының директоры,
Мұхтар Серікбаев