Үнсіздіктің де өз үні, қол қимылының да өз тілі бар. Шымкентте Халықаралық саңыраулар күніне орай «Қолмен әлемді естігім келеді» атты мерекелік іс-шара өтті. Жиында есту қабілеті бұзылған азаматтардың өнері дәріптелді. Шара аясында қатысушылар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Бұл — үнсіз әлемнің өзінде талант пен шабыттың шекарасы жоқ екенін көрсеткен ерекше кездесу. Халықаралық саңыраулар күніне орай ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – есту қабілеті бұзылған азаматтардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету және олардың мүмкіндіктерін кеңінен таныту.
Мерекелік жиында ым-ишара тілінің аудармашыларына ерекше құрмет көрсетіліп, бірқатарына арнайы марапаттар табысталды. Бұл мамандар есту қабілеті бұзылған жандар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып келеді. Есту қабілеті бұзылған азаматтардың қоғамға толыққанды араласуында білім алу мен кәсіби мамандық меңгерудің маңызы зор. Шараға Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенттері де қатысты. Онда 48 білім алушы дизайнерлік және тігіншілік бағытында білім алып, болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуға дайындалуда. Кәсіптік білім жастардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асырып, тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашады.
Шара барысында есту қабілеті бұзылған азаматтар өздерінің шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Көрермендер ым-ишара тілі арқылы орындалған әндерді, би қойылымдарын және цирк әртістерінің өнерін тамашалады.










