Республика күні Шымкент аспаны мың батпырауыққа толып, ShymCity Park аумағы мерекелік алаңға айналды. Мұнда арнайы фестиваль өтіп, мото маусымының жабылу рәсімі қатар ұйымдастырылды. Түрлі ойын-сауық бағдарламасы мен ерекше көріністер қала тұрғындарына тың әсер сыйлады.
Бір мезетте көкке көтерілген 1000 батпырауық көпшіліктің назарын аударды. Балаларға арналған шеберлік сабақтары, аниматорлар мен концерттік бағдарлама да келушілердің көңілінен шықты. Шара барысында тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып, балалар мен ересектердің бірге демалуына мүмкіндік берді.

Мерекелік алаңға жиналған тұрғындар да Республика күніне орай ізгі тілектерін жеткізді. Олар елдегі тыныштық пен татулықтың қадірін атап өтіп, Қазақстанның өркендеуіне тілек білдірді. Отбасымен бірге табиғат аясында демалып, мерекені ерекше форматта атап өту көпшілікке қуаныш сыйлады.

Ал саябақтың тағы бір бөлігінде 200-ге жуық мотоциклші бас қосып, маусымды қорытындылады. Темір тұлпарлар шеруі фестивальге өзгеше сипат берді. Осылайша, Республика күні шымкенттіктер үшін серпінді сәттер мен жарқын әсерге толы мерекеге айналды.












