Шымкентте Көксай шағынауданындағы тозығы жеткен үйлердің тұрғындары жаңа баспанаға көшті. Республика күні қарсаңында Нұрлыбаев көшесіндегі №22 үйде тұрған жеті отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Осылайша, Көксай аумағын жаңарту бағдарламасы аясында баспаналы болғандардың саны 135-ке жетті. Қоныс аудару жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Жаңа баспанаға ие болған тұрғындар үшін бұл — көптен күткен қуанышты сәт. Пәтерлер толық әрленіп, қоныстануға дайын күйде берілді. Тұрғындарға баспана таңдауда бұрынғы үйінің ауданы мен бөлме саны ескерілген.
Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Шаһар басшысы тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, жаңа қоныстарында амандық пен береке болуын тіледі. Көксай шағынауданын жаңарту тек ескі үйлерді жаңа баспанамен алмастырумен шектелмейді. Жоба аясында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту көзделген. Айта кетейік, жаңа пәтерлер Shymkent City және Тұран шағынаудандарындағы тұрғын үй кешендерінен беріліп жатыр. Қоныс аудару — қаланың ескі аумақтарын жаңғыртуға бағытталған жұмыстың маңызды бөлігі. Ал баспаналы болған отбасылар үшін бұл — жаңа өмірге бастар қадам.











