Шымкенттік екі мыңнан астам ұстаздың басы қосылған тамыз кеңесі тарихи жаңалықпен басталды. Алғаш рет орта білім беретін ұйымдар арасында өткен конкурс жеңімпазы анықталып, үздік мектепке 68 млн теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, білім беру шебері деп танылған 10 үздік маман 2 млнды қанжығаға байлады. Білім саласындағы Президент жүктеген тапсырмалар сараланып, қала әкімі педагогтарға 6 міндет жүктеді.
28 тамызда «Қызғалдақ» сарайы этика мен эстетиканың, білім мен ізденістің тоғысқан ордасына айналды. Ұлағатты ұстаздар салтанатты сән-салтанатымен, жинақы да жарасымды келбетімен дәстүрлі Тамыз кеңесіне бас қосты. Жазғы демалыстан кейін қайта қауышқан әріптестер жаңа оқу жылына жоспарларын пысықтап, алдағы міндеттерді ортаға салды. Ал шаһардың үздік жас ғалымдары арнайы көрме ұйымдастырып, білім мен заманауи технологияны тоғыстырған ғылыми жобалары мен тың туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Өнертапқыштардың жұмысымен қала әкімдігі танысып, жас ғалымдардың тың жобаларына жоғары баға берді. Заманауи технология мен ғылыми ізденісті ұштастырған бұл бастамалар білім саласындағы жаңа мүмкіндіктердің айқын көрінісін көрсетті. Ал дәл сол уақытта негізгі залда Әнұран шырқалып, «Жаңахалықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту — білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты жиын басталды.
2026–2027 оқу жылын қаладағы 1 386 білім беру ұйымы республикалық Тамыз кеңесінде Президент жүктеген міндеттермен бастайды. Оның ішінде 29 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Мінберге шыққан қала әкімі білімдегі жетістіктер мен олқылықтарды саралады. Қала бюджетінің 1/3 бөлігі ағартушылық саласына бөлінетінін айтып, алдағы жылдары халық көп шоғырланған жаңа шағын аудандардан мектеп салынатынын жеткізді.

Дарынды балаларды қолдау орталығы жұмысын бастап, 112 мың оқушыны қосымша үйірмемен қамтып отырған арнайы орталықтар, саланың негізгі 12 бағыты цифрлық жүйеге көшті. Осы бастамаларды түгендеген әкім саланың екінші тұсын да айтты. Яғни, педагогтердің кәсіби біліктілігі бірдей емес деді. Ғабит Әбдімәжитұлы жаңа оқу жылына 6 міндет жүктеді.
Жиын барысында білім беруде қажырлы еңбек еткен, шәкірт жүрегіне жол тауып, жетістікке жеткен ұстаздар марапатталды. Президент Жарлығымен 1 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері», 3 мұғалім “Құрмет” орденімен, 9 педагог “Ерен еңбегі үшін” медалімен наградталды.
Ал, 5 педагог – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегері атанды. Сонымен қатар қала әкімдігінің білім гранты да табысталды. Соңғы 2 жылда 530 жас талапкерге тегін оқуға мүмкіндік жасалған.
Шымкенттің білім саласындағы ерекше оқиға — орта білім беретін ұйымдар арасында өткен конкурс. Шаһар мектептері арасынан жүзден жүйрік шыққан №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясына 68 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Сондай-ақ, «Білім беру шебері» қалалық байқауына 13 мыңнан астам педагог қатысып, кәсіби шеберлігін ортаға салған болатын. Ішінен 10-ы үздік шығып, бойы ай сайын 200 мың теңгеден, жалпы 2 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалды.
Тамыз кеңесі жаңа оқу жылының негізгі бағытын айқындаған маңызды алаңға айналды. Үздік ұстаздар мен білім ордалары марапатталып, жаңа бастамаларға жол ашылды. Енді қала педагогтері Президент жүктеген міндеттерді басшылыққа алып, сапалы білім мен бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолындағы жұмыстарын жаңа қарқынмен жалғастырады деп сенеміз.











