Күзгі әскерге шақыру науқанындағы алғашқы толқын міндетті әскери борышын өтеуге аттанды. Шымкенттен 23 жас сарбаз ел шекарасын күзету үшін Жамбыл облысына жол тартты. Салтанатты шығарып салу рәсімінде жас жауынгерлерге ақжолтай тілек айтылып, әскери қызметтегі жаңа мүмкіндіктер де түсіндірілді.
Олар үшін бүгінгі күн – студенттік өмірден, үйреншікті ортадан алыстап, Отан алдындағы борышты өтеуге жасалған алғашқы қадам. Салтанатты шарада жас сарбаздарға әскери тәртіптің маңызы айтылып, қызмет барысында әскери-есептік мамандықты меңгерудің қажеттігі түсіндірілді. Себебі бір жылдық әскери қызмет – азаматтық өмірге де, кәсіби бағытқа да тәжірибе беретін кезең. Алғашқы сап түзегендердің барлығы енді мемлекеттік шекараны күзетуге аттанады. Шекара қызметі өкілдері жас сарбаздарға Отан қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Жауынгерлерді алда жаңа орта, қатаң тәртіп және әскери дайындық күтіп тұр.
Әскердегі бір жылды өткергеннен кейін сарбаздардың алдында жаңа мүмкіндіктер де бар. Қызметін абыроймен аяқтаған азаматтар жоғары оқу орнына түсуге немесе келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыруға мүмкіндік алады. Яғни бүгінгі борыш – ертеңгі бағытқа бастайтын баспалдақ болуы мүмкін.













