Шымкентте алғаш рет гемопоэздік дің жасушаларының аутологиялық трансплантациясы жасалды. 7 тамызда орындалған күрделі операциядан кейін пациенттің жағдайы оң динамика көрсетіп отыр. Ең маңыздысы – трансплантацияланған жасушалар сүйек кемігінде сәтті орнығып, қан көрсеткіштері қалпына келе бастаған. Осылайша, оңтүстік өңір медицинасы үшін жоғары технологиялық гематологиялық көмектің жаңа кезеңі басталды. Трансплантацияға дайындық жұмыстары бірнеше ай бұрын басталған. Мамандар алдымен пациенттің өз гемопоэздік дің жасушаларын жинауға кіріскен. 28-29 мамыр күндері Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығының базасында жасушалар арнайы жоғары технологиялық сепаратор арқылы алынды. Жиналған жасушалар ультратөмен температурада криоконсервацияланды. Одан кейін суық тізбектің барлық талаптары сақталып, арнайы Дьюар ыдысында Шымкентке жеткізілді. Яғни, трансплантацияның әр кезеңінде жасушалардың қауіпсіздігін сақтау басты назарда болды. 7 тамызда Шымкент медицинасы үшін тарихи күн болды. Пациентке өзінен алынған гемопоэздік дің жасушалары қайта енгізілді. Бұл – аутологиялық трансплантация деп аталады. Яғни, донордың емес, пациенттің өз жасушалары пайдаланылды. Күрделі процедура Қазақстан Республикасының бас штаттан тыс гематологы, Сүйек кемігін трансплантациялау және онкогематология орталығы басшысының тікелей қатысуымен және жеке бақылауымен жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, трансплантация қызметінің Шымкентте жолға қойылуы ең алдымен пациент үшін тиімді. Ем алу үшін ұзақ жол жүрудің, басқа қалада уақытша тұрудың қажеттілігі азаяды. Ал пациенттің отбасының жанында болуы оңалту кезеңінде де маңызды рөл атқарады. Бұл тарихи трансплантация 56 жастағы Әлімжан есімді азаматқа жасалды. Шымкентте мұндай операцияның алғаш рет жүргізілетінін естігенде, әрине, аздап қобалжыған. Дегенмен, дәрігерлердің бақылауында болған ол емнің алғашқы күндерінен-ақ өзін жақсы сезінгенін айтады. Ем алушыны медицина мамандары аурухана қабырғасынан ерекше көңіл-күймен шығарып салды. Ақ халаттылар Әлімжанға қол соғып, оның үйіне аман-есен оралуына тілек білдірді. Шымкентте алғашқы аутологиялық трансплантацияның сәтті өтуі – бір күндік еңбектің нәтижесі емес. Бұл – денсаулық сақтау басқармасы, медициналық ұйымдар, ғылыми орталықтар мен білікті мамандардың бірлескен жұмысының жемісі. Бір ғана пациенттің өміріне жаңа мүмкіндік берген бұл тарихи қадам енді өңірдегі талай науқас үшін үмітке айналмақ.











