28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Шымкентте журналистердің еңбегі бағаланды. Ұзақ жылдар бойы ақпарат саласында абыроймен еңбек еткен ардагер және тәжірибелі журналистерге Ғабит Сыздықбеков арнайы марапаттар табыстады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл БАҚ қызметкерлеріне берілетін 66 пәтердің екеуі Шымкент қаласына бөлініп, екі журналист баспаналы болды.
Мерекелік жиында бұқаралық ақпарат құралдары саласының дамуына үлес қосқан бірқатар журналистің еңбегі жоғары бағаланды. Ұзақ жылдар бойы кәсібіне адал қызмет еткен қаламгерлерге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің арнайы марапаттары табысталды. Сонымен қатар, салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, «Ақпарат саласының үздігі» және «Еңбек ардагері» төсбелгілері, «Шапағат» медалі мен «Құрмет» ордені өз иелеріне табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бірқатар журналистерге пәтер кілттері салтанатты түрде тапсырылды. Журналистерге көрсетілген бұл құрмет олардың қоғам алдындағы жауапты қызметіне берілген жоғары баға. Марапат иелері қатарында «Айғақ» телеарнасының журналисі Арайлым Әділханқызы да министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл БАҚ қызметкерлеріне еліміз бойынша 66 пәтер берілді. Оның ішінде Астана мен Алматы қалаларына 15 пәтерден бөлінсе, қалған 18 өңірдің әрқайсысына екі пәтерден қарастырылған. Осылайша, Шымкентте «Оңтүстік» телеарнасы мен «Уақыт» газетінің журналистеріне жаңа пәтердің кілттері табысталды. Бұл қуанышты сәт ақпарат саласы қызметкерлерінің еселі еңбегіне көрсетілген нақты қолдаудың белгісі. Мұндай қамқорлық журналистердің кәсіби қызметіне жаңа серпін берері сөзсіз.











