Кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтауға шақырады. Бұл жөнінде Шымкентте «Заң мен тәртіп – конституциялық реформаның басты мақсаты» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға үкіметтік емес ұйым өкілдері мен кәсіпкерлер қатысып, заң үстемдігін қамтамасыз ету және экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылады. Мамандар жалған ақпарат тарату мен қаржылық заң талаптарын бұзу ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін айтты.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы заң мен тәртіп қағидаты конституциялық реформалардың басты басымдығы екенін атап өтті. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заң үстемдігін қамтамасыз ету – қоғам тұрақтылығының маңызды тетігі. Сонымен қатар мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Кездесуде заң талаптарын сақтай отырып жұмыс істеу адал кәсіпкерлікті дамытудың басты кепілі екені айтылды.

Жиында экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар жалған мәлімет тарату немесе қаржылық заңнаманы өрескел бұзу жағдайында әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін екені ескертілді. Бұл ретте әрбір ұйым басшысы өз мекемесіндегі заң талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауы қажет екені айтылды.
Кездесу барысында кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Жиында адал кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру үшін бірлескен профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Жиын соңында заң мен тәртіп қағидатын қоғамда орнықтыру конституциялық реформалардың табысты жүзеге асуына негіз болатыны атап өтілді.











