Шымкентте Таскен тұрғын алабынан Тұран шағынауданына дейінгі аралықты жалғайтын Ақсүмбе көшесінің жалғасы салынуда. Бұл – шаһардағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, кептелісті азайтуға бағытталған маңызды бастама. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп, келелі жобаның келбеті күн санап айшықтала түсуде.
Тұран-1 мен Тұран-2 соңғы жылдары тұрғындар саны қарқынды артқан шағынаудандардың біріне айналды. Халық саны көбейген сайын көлік ағыны артып, жолдарға түсетін салмақ та еселене түскен. Бүгінде осы түйткілді шешу үшін Ақсүмбе көшесінің жалғасы салынуда. Жаңа жолдың құрылыс жұмыстары бірнеше кезең бойынша арнайы бақылаудан өтуде. Атап айтқанда, «Ұлттық сапа орталығының» мамандары жол табанының тығыздығын тексеріп, арнайы зертханалық сынамалар алған.
Бүгінде құрылыс барысында қолданылатын материалдардың сапасы мен атқарылған жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкестігі жіті бақылауда. Мамандардың айтуынша, мұндай сараптамалар жолдың сапасын арттырып, оның ұзақ жылдар бойы қызмет етуіне негіз қалайды.
Жобаның жалпы ұзындығы – 1,7 шақырым. Жаңа жол төрт жолақты болып салынып, жаяу жүргіншілер жолымен, жарықтандыру жүйесімен және қажетті инженерлік желілермен қамтылатын болады. Аталған нысан Жібек жолы көшесі арқылы Тұран шағынауданына қатынасты жеңілдетіп, шаһардағы көлік қозғалысын біршама оңтайландырады.
Айта кетсек, Шымкентте 13 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, жалпы ұзындығы 238 шақырымды құрайтын жаңа жолдар салынды. Сонымен қатар Қонаев даңғылының құрылысы толық аяқталып, А-2 айналма жолындағы жұмыстар жалғасуда.












