ӨЗБЕКСТАН: ШЫҒЫСТЫҢ ШЫРАЙЛЫ ШАҺАРЫ – САМАРҚАН
Самарқан – туризмнің отаны. Көне тарих пен өркениеттің алтын бесігі саналатын бұл шаһар ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының бойында орналасып,...
Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы сапарымызға тарих ғылымдарының докторлары, қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – қос халықтың ортақ тарихи-мәдени байланысын жаңғыртып, рухани сабақтастықты нығайту. «Қазақстан–Өзбекстан Президенттерінің ізімен» жобасының бастауы киелі Қазығұрттағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешенінен басталды. Бұл нысан 2004 жылы аңыз бойынша Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған қасиетті Қазығұрт тауының етегінде бой көтерген. Сапарымыздың дәл осы киелі мекеннен бастау алуының символдық мәні зор. СНХ: КСМ: Осы қасиетті жерде тарихшы, этнолог, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай Қазығұрт ауданының әкімі мен аудан ақсақалы Бердіқұл Тастанбекке өзінің «Қазақтың достары мен қастары» атты кітабын сыйға тартты. Ғалым бұл еңбегінде қазақ халқы тарихындағы күрделі кезеңдер мен тарихи тұлғалардың рөлін жан-жақты саралаған. Сонымен қатар, мұндай рухани мазмұндағы сапарлар тарихи сананы қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды екенін атап өтті.
Киелі мекендегі сапар барысында Қазығұрт ауданында тарихи фильмнің түсірілімі басталғанына куә болдық. Облыстағы ең қасиетті орындардың бірінде фильм түсірудің өзіндік терең мәні бар. Жоба арқылы өңірдің тарихи-рухани маңызы кеңінен насихатталып, Қазығұрттың табиғаты мен аңызға толы келбеті көркем түрде бейнеленбек. Фильмді Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов пен театр және кино режиссері Талғат Теменов бірлесіп түсіруде. Қазығұрт тауындағы сапарымыздан кейін Сарыағаш ауданына бет алдық. Мұнда «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ЮНЕСКО-ның «Алтын медаль» лауреаты, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Манап Өтебаевтің рухына тағзым етілді. Делегация мүшелері Зортөбе ауылына арнайы барып, көрнекті тұлғаның қабіріне құран бағыштады.
Сапарымыз әрі қарай Келес ауданында Кеңес Одағының Батыры Лесбек Жолдасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Ел үшін жанын қиған батырды ұлықтау – кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылым. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы Лесбек Бәйімбетұлы Жолдасов 1920 жылы Келес ауданында дүниеге келген. 1944 жылы Дунай өзенінен өту кезіндегі ерлігі үшін 1945 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Соғыстан кейін туған жеріне оралған батыр ел дамуына үлес қосты. Бүгінде оның есімі ұлықталып, ауылға, мектепке және мұражайға берілген. Біздің келесі бағытымыз Мақтаарал ауданы болды. Делегация Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Қосман Айтмұхаметовтің рухына тағзым етті. Аудан орталығындағы ескерткішке гүл шоқтары қойылып, тұлға есімі құрметпен еске алынды. Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметов 1963 жылы 29 тамызда Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Бестөбе ауылында дүниеге келген. Ол еңбек жолында өңірлік және республикалық деңгейдегі жауапты қызметтерді атқарып, білікті басшы ретінде танылды. 2019 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін жобаның екінші күні Атакент кеден бекеті арқылы Өзбекстанға өттік. Бағытымыз – Жызақ облысындағы Заамин қалашығы. Табиғаты әсем, жасыл желекке оранған бұл өлке «Өзбекстанның Швейцариясы» атанып кеткен. Сонымен қатар, бұл – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев дүниеге келген өңір. Делегация табиғаты әсем, жасыл желекке оранған бұл өлкедегі Заамин тарихи-өлкетану мұражайына барып, өңірдің бай тарихи мұрасымен танысты. 1905–1909 жылдары салынған тарихи ғимарат алғашында офицерлер клубы ретінде пайдаланылған. Кейін госпиталь, сауда орны, перзентхана қызметін атқарған. Бүгінде мұражай қорында 30 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған. Экспозициялар аймақтың тарихын, мәдениетін және табиғатын жан-жақты қамтиды. Келушілер археологиялық олжалармен, тұрмыстық бұйымдармен және ұлттық қолөнер үлгілерімен таныса алады. Әрбір жәдігер Заамин өңірінің өткені мен бүгінін байланыстырып, оның терең тарихи тамырынан сыр шертеді. Негізінен мұражай 1993–1994 жылдары жергілікті белсенділер мен тарихшы Саттар Қарабаевтың бастамасымен ашылған. 2013 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртылды. Бүгінде бұл нысан аймақтың мәдени өміріндегі маңызды орталықтардың біріне айналып отыр.
Бұдан кейін делегация Өзбекстанның көрнекті мемлекет қайраткері Шараф Рашидовтың мемориалдық музей-үйін аралады. Экспозицияларда оның жеке заттары, сирек фотосуреттері мен тарихи құжаттары қойылған. Ерекше атап өтерлігі – музейдің ішкі келбеті сол қалпында сақталған. Бұл келушілерге өткен дәуірдің атмосферасын терең сезінуге мүмкіндік береді. Музеймен танысқан делегация мүшелері оның мазмұны мен тарихи құндылығына ерекше қызығушылық танытып, жоғары бағасын берді. Бұл ғимараттың өзі де тарихтан сыр шертеді. 1909 жылы салынған нысан алғашында патша әскерінің офицерлер жиналатын орны ретінде пайдаланылған. Кейін түрлі кезеңдерде госпиталь, әкімшілік ғимарат, тіпті перзентхана қызметін де атқарған. Бүгінде бұл нысан тек тарихи естелік қана емес, өңірдің маңызды мәдени-туристік орталықтарының біріне айналып отыр.
Қос ел арасындағы достық, бауырластық және стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен сапарымыз әрі қарай 370 шақырым жолды еңсеріп, көне Бұхара қаласында жалғасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарын Бахауддин Нақшбанди кесенесіне барудан бастаған болатын. Біз де сапарымыз барысында осы киелі мекенге арнайы келдік. Негізінен бұл кесене 16 ғасырда бой көтерген. Мұнда орналасқан мұражайда 19 ғасырға тиесілі қолжазба Құран, түпнұсқа тарихи құжаттар, көне кітаптар мен өзге де құнды жәдігерлер сақталған. Делегация мүшелері медресе, мешіттер мен мұнаралардан тұратын мемориалдық кешенді аралап, құран бағыштады. Бахауддин Нақшбанди мемориалдық кешені Бұхара қаласынан шамамен 10–12 шақырым қашықтықта орналасқан Қасри Орифон ауылында орналасқан. Бұл — әулиенің дүниеге келген әрі мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекені. Халық арасында «Бұхараға барған адам осы жерге үш рет зиярат етсе, қажылықпен тең» деген наным кең тараған. Сол себепті мұнда жыл сайын мыңдаған зияратшы ағылып келеді.
Бұхара – Орталық Азияның інжу-маржаны, «медреселер қаласы» атанған, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген көне шаһар. Бұл қалаға келуіміздің басты себебі – оның көрікті орындары мен бай тарихи-мәдени мұрасы. Мұндағы сәулет өнерінің озық үлгілерінің бірі – Мир Араб медресесі. XVI ғасырда салынған бұл медресе бүгінгі күнге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. Ғимарат екі үлкен көк күмбезімен, айшықты дәліздерімен және 114 бөлмесімен ерекшеленеді. КСМ: Ал оның іргесінде орналасқан әйгілі Пои Калян ансамблі – XII–XVI ғасырлар аралығында қалыптасқан тарихи сәулет кешені. Бұл ансамбль құрамына Калян мұнарасы, Калян мешіті және Мир Араб медресесі кіреді. Аталған нысандар Орталық Азияның маңызды діни әрі тарихи мұралары саналады. Сонымен қатар Бұхараның ең көне әрі маңызды қорғаныс құрылыстарының бірі – Арк қамалы. Бұл алып цитадель ғасырлар бойы әмірлердің резиденциясы болып, қаланың саяси әрі әскери орталығы қызметін атқарған. Бүгінде ол Бұхараның бай тарихын айғақтайтын басты ескерткіштердің бірі ретінде ерекше мәнге ие. Сондай-ақ Бұқарадағы көне кесенелердің бірі Исмаил Самани кесенесі. Ол Орталық Азиядағы ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей әрі аса құнды ескерткіштерінің бірі. IX ғасырдың аяғы мен X ғасырдың басында бой көтерген кесене Саманилер әулетінің негізін қалаушы Исмаил Самани құрметіне тұрғызылған. Бұл ғимараттың бірден бір ерекшелігі өңірдегі күйдірілген кірпіштен тұрғызылған алғашқы монументалды құрылыстардың бірі болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда, кесене тек сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар аймақ тарихының маңызды символы болып табылады. Ғимараттың архитектурасы ерекше үйлесімділігімен көзге түседі. Кесене шаршы пішінде тұрғызылып, үсті үлкен күмбезбен жабылған. Оның құрылысында ежелгі соғдылық сәулет дәстүрлері мен ислам мәдениетінің элементтері шебер ұштасқан. Бұхараның бай тарихи-мәдени қазынасымен танысқан біз сапарымызды ақ тілек, батамен түйіндеуді жөн көрдік. Қазақта «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген нақыл бар емес пе — ізгі ниетпен аяқталған сапардың да берекесі мол болмақ.
Бұхарадағы сапарымызды батамен аяқтап, Самарқанд қаласына жол тарттық. Мұнда сапарымыздың төртінші күні жетіп, алғаш ат басын бұрған нысанымыз — Гүр-Әмір кесенесі болды. Бұл — ұлы қолбасшы, әлем тарихында өшпес із қалдырған Әмір Темірдің мәңгілік тыныс тапқан қасиетті орны. Арнайы келген делегация кесенеде Құран бағыштап, тағзым етті. Кесене XV ғасырдың басында тұрғызылған. Бастапқыда ол Әмір Темірдің сүйікті немересіне арнап салынғанымен, кейіннен осы жерде қолбасшының өзі жерленді. Бүгінде мұнда Темір әулетінің бірнеше өкілі мәңгілік мекен тапқан. Ғимараттың көгілдір күмбезі мен ішкі алтын жалатылған өрнектері Самарқанд сәулетінің айрықша символына айналған. Мамандар бұл кесенені Орта Азиядағы ислам сәулет өнерінің ең көрнекті әрі үздік үлгілерінің бірі ретінде жоғары бағалайды.
Самарқандқа аяқ басқан жанды ең алдымен өзіне баурап алатын орын — Регистан алаңы. Бұл — жай ғана алаң емес, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ұлы сәулет сахнасы. Мұнда келген сәтте көз алдыңызға қатар тізілген үш бірегей медресе — Ұлықбек медресесі, Шердор медресесі және Тіллә Қари медресесі бірден көрінеді. Бір қарағанда бір-бірімен жарыса бой түзегендей әсер қалдырған бұл ғимараттар шын мәнінде үйлесімді біртұтас сәулет ансамблін құрайды. Түркістаннан арнайы келген делегация мүшелері осы киелі мекеннің бай тарихи-мәдени мұрасымен танысып, көне шаһардың рухани тынысын сезінді. Тарихи деректерге сүйенсек, үш медресенің екеуі — Жалаңтөс баһадүрдің бұйрығымен салынған. Атап айтқанда, Тіллә Қари медресесі мен Шердор медресесі сол кезеңнің сәулет өнеріндегі биік жетістіктердің айқын көрінісі саналады. Ал Ұлықбек медресесі XV ғасырда тұрғызылып, кезінде ірі ғылыми-білім беру орталығы болған. Бүгінде Регистан алаңы тек Самарқандның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ең танымал тарихи нысандарының бірі ретінде әлем жұртшылығын таңғалдыруын жалғастырып келеді. Самарқандтағы сапарымыз Шаһи-Зинда кесенелер кешенінде жалғасты. Афрасиаб төбесінің етегінде орналасқан бұл тарихи орын — XIV–XV ғасырлардан сақталған бірегей сәулет ансамблі. Мұнда Әмір Темір әулетінің өкілдері мен олардың жақындары жерленген. Негізінен «Шаһи-Зинда» атауы төменнен жоғары қарай созылған баспалдақты жолдың екі қапталында орналасқан кесенелер шоғырын білдіреді. Бұл кешендегі мавзолейлердің басым бөлігі XIV–XV ғасырларға тиесілі және Темір әулетіне жақын тұлғаларға арналып тұрғызылған. Бір-бірімен жалғасқан көгілдір күмбездер мен нәзік өрнекті қаптамалар бұл жерді Самарқандның ең көркем әрі рухани мәні терең тарихи орындарының біріне айналдырған.
Самарқанд қаласындағы сапарымыз әулиелер мекені саналатын Тоқманбай мазаратында жалғасты. Бұл әулиелі мекеннің бірден бір ерекшелігі мұнда қазақ халхының найман руынан тараған азаматтардың кесенесі бар. Солардың бірі тоқманбай ескеркіші. Қазақ жерінен келген жандардың ата баба рухына құран бағыштар кететін киелі орны саналады. Бұл қасиетті мекендегі тыныштық пен көне дәуірдің ізі сапарымызға ерекше рухани мән берді. Қос ел арасындағы достық, бауырластық және стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін жобаның түйіні Ташкент қаласында жалғасын тапты. Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі қабырғасында Түркістаннан арнайы барған делегация мүшелерін елші көмекшісі Сержан Сәрсенбаев жылы қабылдап, құрмет көрсетті. Екі ел арасындағы алтын көпір іспетті дипломатиялық ордада бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын тарихи-мәдени байланыстарға ерекше мән берілуде. Осы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында делегация елшілік қорына арнайы кітап сыйға тартты. Бұл игі іс екі халықтың рухани және мәдени сабақтастығын айқындай түсетін маңызды қадам болды.
«Қазақстан–Өзбекстан Президенттерінің ізімен» атты жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған бейресми сапары барысында Шавкат Мирзиёевпен өткен келіссөздерден кейін жаңа серпін алған екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды мақсат етіп жүзеге асырылды. Алты күнге созылған сапар аясында делегация Бұхара мен Самарқанд қалаларындағы бай тарихи-мәдени мұралармен танысып, ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарих пен рухани байланыстардың терең тамырына үңілді. Көне шаһарлардағы сәулет ескерткіштері мен қасиетті орындар екі халықтың мәдени сабақтастығын айқын көрсетіп, сапардың мазмұнын одан әрі байыта түсті.Бұл сапар тек танымдық-мәдени маңызымен ғана емес, екі ел арасындағы сенім мен серіктестікті күшейткен маңызды дипломатиялық қадам ретінде де бағаланады. Жоба нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп, болашақтағы бірлескен бастамаларға берік негіз қаланды.Самарқан – туризмнің отаны. Көне тарих пен өркениеттің алтын бесігі саналатын бұл шаһар ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының бойында орналасып,...
Қазақстан мен Өзбекстан – тарихы тамырлас, тағдыры сабақтас, мәдениеті мен руханияты үндес қос халық. Екі ел арасындағы қарым-қатынас тек географиялық...
«AMANAT» партиясы мен «Әділет» партиясы бірікті. Тарихи шешім Астанада өткен «AMANAT» партиясының XXVI съезінде қабылданды. Делегаттар бұл бастаманы бірауыздан қолдап,...
Бүгінде этнос өкілдері қазақ тілін еркін меңгеріп, қоғам өміріне белсенді араласып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін...
Мемлекеттік Рәміздерді дәріптейтін маңызды күнді №73 «Айжан» бөбекжай бақшасы сүйіспеншілікпен атап өтті. Отанға деген махаббат балабақшадан басталады. 350 бала тәрбиеленіп...
Шымкент қаласының медицина қызметкерлері спартакиадада бас қосты. Ақ халатын спорттық киімге ауыстырған абзал жандар бұл жолы өзара спорт алаңында бақ...
Түркістан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімшесімен бірге ұйымдастырылған арнайы тактикалық оқу-жаттығуының жабылу салтанаты өтті. Әскери борышын өтеп қойған, қазір түрлі...
Түркістан облысында туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып 3 бағытта қарқынды дамып келеді. Жыл соңына дейін 38 туристік...
Түркістандық спортшы Айкөз Ералхан Иранның Тегеран қаласында өткен XVI Әлем чемпионатында үш медаль жеңіп алды. Ат үстінде жүріп садақ ату...
Бүгін Түркістан облысынан бір топ тұрғын Павлодар облысына жолға шықты. Мақсат – «Еңбек» бағдарласы арқылы көшу үшін Павлодар өңіріндегі ауылдарды...
Ескерту! Кез келген материалды көшіру және жариялау үшін редакцияның арнайы рұқсатын алу қажет! Авторлық құқықтар және жанама құқықтар толық сақталады. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.
Мекен-жайымыз: 160000, Шымкент қаласы, Ғ. Іляев көшесі, 29, "Айғақ" Телерадиокомпаниясы"
Тел.: +7 725 221 36 11, +7 725 230 07 25
Email: aigak@mail.ru
© 2015-2020. "Айғақ" ақпараттық порталы. Барлық құқықтар сақталған.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде
2019 жылы 13 маусымда тіркеліп, № 17745 - ИА куәлігі берілген.