Ұлттық мұраның қадірі оны сақтаумен ғана емес, күнделікті өмірде тұтынумен өлшенеді. Осы мақсатта Шымкент Креатив хаб орталығында қолөнер шеберлерінің дәстүрлі көрмесі өтті. Ай сайын ұйымдастырылатын шарада киізден және басқа да табиғи материалдардан жасалған ұлттық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Әр туынды ұлттық нақышпен безендіріліп, қазақы дүниетаным мен дәстүрдің сабақтастығын паш етеді. Ұйымдастырушылар мұндай көрмелер арқылы халықтың отандық қолөнерге деген қызығушылығын арттырып, шеберлердің еңбегін көпшілікке таныстыруды көздейді.
Көрмеде көпшіліктің назарын әсіресе киізден жасалған бұйымдар аударды. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бұл кәсіпті бүгінге дейін жалғап келе жатқан шеберлер киіз бен текеметтің тек сәндік емес, тұрмысқа да, адам денсаулығына да пайдасы зор екенін айтады.
Қолөнер – өткеннің сарқыншағы емес, болашаққа жалғасатын құндылық. Сондықтан ұлттық бұйымдардың өмірі көрме залымен шектелмей, әр шаңырақтың төрінен орын табуы маңызды. Осындай бастамалар қазақтың төл өнерін жаңғыртып, кейінгі буынның ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.