Қазақ дзюдосының әлемдік додалардағы ізін жалғастыратын, жастар көбейіп келеді. Бүгінде олардың шеберлігін шыңдайтын маңызды алаңның бірі – Шымкенттегі республикалық турнир. Бұл бәсекеде жас балуандар татамиге шығып, мықтыны анықтауда. Республикалық бәсеке қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевты еске алу үшін ұйымдастырылды. Екі күнге жоспарланған жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен және көршілес Қырғызстаннан спортшылар жиналды.
Бәсекенің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында дзюдоны дамыту, спортшылардың шеберлігін арттыру және болашақта ел намысын халықаралық аренада қорғайтын үздіктерді іріктеу. Мұндай турнирлер жас татами шеберлеріне тәжірибе жинап, өз мүмкіндігін бағалауға жол ашады.15-16 жастағы дзюдошылар түрлі салмақ дәрежесінде белдесіп, өзара мықтыны анықтауда. Жарыс барысында спортшылардың техникалық дайындығы мен татамидегі тактикалық шеберлігі сыналады.
Шымкентте дзюдоны бұқаралық спорт ретінде дамыту және жоғары нәтижелі спортшыларды даярлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ал Қонаев атындағы бұл дода – жас балуандар үшін үлкен спортқа бастар баспалдақ.