Шымкент қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында әскери техникаларды жазғы пайдалану режиміне көшіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қару-жарақ пен арнайы техникаларға маусымдық техникалық қызмет көрсетіліп, олардың ыстық ауа райындағы тұрақты жұмысы тексерілуде. Мамандар қозғалтқыштар мен техникалық жүйелердің жарамдылығын бақылап, майлар мен арнайы сұйықтықтарды ауыстыруда. Сондай-ақ жанар-жағармай қоры нақтыланып, парк аумағы мен техникалық орынжайлар жазғы кезеңге бейімделіп жатыр. Бұдан бөлек, жүргізушілер мен механиктерге қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, ыстық климат жағдайында техниканы пайдалану ерекшеліктері бойынша арнайы сабақтар ұйымдастырылған. Қорытынды сынақтар да қабылданып үлгерді.
Әскери бөлім мамандарының айтуынша, маусымдық қызмет көрсетудің басты мақсаты – күрделі ауа райы мен жоғары температура кезінде техникалардың үздіксіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін қорытынды тексеру жүргізіліп, жеке құрамға техникаларды жазғы кезеңде пайдалануға рұқсат беріледі.











