Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы ІІІ Азия ойындарында қазақстандық жеңіл атлеттер ел қоржынын толтырды. Ішінде мегаполистің жас өрендері де бар. Әлемдік додада көк туды көкке көтерген шымкенттік қос чемпионды жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.
Шымкент теміржол вокзалы бұл күні қуаныш пен мерекенің ордасына айналды. Спорттан ел мерейін үстем еткен чемпиондарды қарсы алуға және құттықтауға келгендер көп.
Асыға күткен сәт те келіп жетті. Жүрдек пойыз перронға тоқтаған сәтте жанкүйерлер ерекше толқыды. Жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы сайыста алтын медаль иеленген Максим Сажнев пен қола жүлдегер Ольга Изюмникова көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Бахрейннің Манама қаласында ел намысын қорғаған жеңіл атлет Максим Сажнев диск лақтыру сайысында жеңімпаз атанды. Ол ең үздік мүмкіндігінде 63.23 метр нәтижесін көрсеткен. Бұл жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жаңа рекорды болды. Максимнің спортқа жақын болуы тегін емес. Анасы да спортшы. Ұлының бұл жеңіске төрт жыл бойы табанды дайындалғанын айтқан анасы қуанышын жасыра алмады.
1 метр 65 сантиметр биіктікке секірген Ольга Изюмникова қоланы місе тұтты. Елге оралған ол табанды дайындықты жалғастырып, келесі жарыстарда алтыннан алқа тағуды мақсат етіп отыр.
Мұндай нәтиже — ең алдымен қажырлы еңбектің жемісі. Спортшылардың әр жеңісінің артында ұстаздарының өлшеусіз еңбегі бар. Болашағынан зор үміт күттіретін қос спортшының бұл жетістігі – ел намысын биік ұстайтын жас буынның әлеуетін көрсетеді. Азия ойындарындағы жеңіс – олардың спорттық жолындағы алғашқы үлкен белес қана. Ендігі мақсат – әлем чемпионаты мен Олимпиада төрінен де ел туын көтеру.










