Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХІ сессиясы өтті. Күн тәртібіне 6 мәселе қойылып, тиісті саланың басшылары баяндама жасады. Негізгі мәселенің бірі – облыстың «Құрметті азаматы» атағын беру жайы. Сонымен, мәслихат төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, депутаттар және басқарма басшылары, аудан әкімдері қатысқан жиында оңтүстіктің дамуына үлес қосқан мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, қоғамдық қызмет және ауыл шаруашылығы жүйесінде еңбек еткен 31 азамат құрметке лайық деп танылды. Ол қатарда:
Өмірзақ Шөкеев – қоғам қайраткері. 1964 жылы Түркістан қаласында туған. Түркістан облысын екі рет басқарған, мемлекеттік қызметтің бірқатар саласына басшылық еткен іскер азамат. Өмірзақ Естайұлы облысты басқарған шақта Арыста апат болып, Мақтааралды су басты. Төтенше жағдайдан тосырқамай, халықтың қасынан табылып, «кризистік кезеңнен» шыға алған әкім аймақ тұрғындарының құрметіне бөленді. 2018 жылы жеке облыс ретінде құрылған Түркістанның қалыптасуы мен дамуы жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Іскерлігінің арқасында Түркістанды түлететін жаңа жобаларды бастап берсе, оның жемісін бүгінде көріп келеміз.
Ұласбек Сәдібеков – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 1967 жылы 12 ақпанда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Бәйдібек ауданынан бастаған азамат Түркістан облысы әкімі аппаратында бірнеше бөлімді, Бәйдібек, Сарыағаш, Сайрам ауданын басқарды, облыс әкімінің орынбасары, кеңесшісі қызметін атқарды. Мәжілістің мінберінде Түркістан облысының өзекті деген мәселелерін көтеріп, өңірдің дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына атсалысып келеді.
Қазыбек Иса — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 1962 жылы 23 сәуірде Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Бірінші мамыр ауылында дүниеге келген. Тіл жанашыры, бірнеше мерзімді басылымда қызмет еткен Қазыбек Жарылқасынұлы бұқараның базынасын билікке жеткізіп, халықтың тұрмысын тіктеуге еңбек сіңіріп келеді. Жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, алыстағы ауыл-аймақты аралап, елдің мәселесін назарына алған депутаттың бастамасымен өңірдегі республика деңгейіндегі біршама мәселе шешімін тауып отыр.
Рәтбек Нысанбаев – Алматы облысы, Есік қалалық мешітінің бас имамы. 1940 жылы 14 қарашада Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш бас муфтиі. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының құрметті профессоры, белгілі ғалым. Ол бас мүфти болған кезде еліміздегі мешіттер саны 1,5 мыңға дейін көбейді, Алматыда Бас мешіт салынды.
Сиқымбай Сағындықов – жеке кәсіпкер. 1960 жылы Сайрам ауданында дүниеге келген. Сайрам ауданының «Құрметті азаматы», меценат ауданнан жеке балабақша мен мектептер ашып, білім саласын жетілдіруге өз үлесін қосуда. Заманауи үлгіде салынған білім ұялары облыстың білім сапасын жақсартуға, мектеп тапшылығы мәселесін шешуде маңызды рөл атқарып келеді.
Жаңабай Ағабеков – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты. 1964 жылы туған халық қалаулысы күнгейден теріскейге қоныс аударушы азаматтарға бағыт-бағдар беріп, жерлестердің солтүстік аймаққа барып қоныстануына, онда бейімделуіне, жұмыс табуына қол ұшын беріп келеді.
Алмас Сәлимов — Түркістан облыстық мәслихатының депутаты. Белсенді депутат облыстық мәслихаттың VI шақырылымынан бастап кеудесіне төсбелгі тағып, халықпен бірге жұмыс істеп келеді. Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Киелі қала облыс орталығы атанған жылдан бастап, Түркістандағы келесі істер мен ауқымды жұмыстардың бел ортасында жүрген, халық пен биліктің арасын жалғаған депутаттың тындырымды тірліктері құрметті марапатқа әбден лайық!
Нұрлан Өнербай – 1961 жылы 4 қарашада Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Қазақстан ауылында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қоңыр дауысымен өнерде өзінің сара жолын қалыптастырған Нұрлан Әлтайұлының әндері арқылы тыңдарман оңтүстіктің тарихымен, табиғатымен, салтымен танысып, жаңа буын әншінің репертуарындағы әндерді шырқап келеді.
Әуелхан Тұрғымбеков – еңбек ардагері. 1959 жылы 29 қазанда Түркістан облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1981 жылы — Шымкент облысы Ленгір ауданы «Сельхозтехника» өндірістік бірлестігінің аға инжинер технологы болып бастаған оның мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Шардара, Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарын басқарған Әуелхан Елтайұлының басқарушылық қабілетін қоғам жақсы біледі. Облыстық әкімдікте аппарат басшысы, әкімнің кеңесшісі қызметтерін де абыроймен атқарып, облыстың дамуында өз қолтаңбасын қалдырды.
Оңласбек Құлакеев – денсаулық сақтау саласының ардагері. 1948 жылы 10 қазанда Түркістан облысы Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында туған. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында ординатор, одан кейін кеуде хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің сараптама және оташылық жөніндегі орынбасары болды, облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері қызметін атқарды.
Кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, 2 монографиялық еңбек жазды. 2007-жылы Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Ағабек Қазанбай – еңбек ардагері. 1952 жылы 20 қыркүйекте Ордабасы ауданы “Батыр ата” ауылында дүниеге келген. “Құрмет” орденінің иегері, “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” медалінің иегері Ағабек Қазанбай 1985 жылдан бері 13 кг телекамераны арқалап, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облысын елімізге насихаттап келеді! Шеберлігі шыңдалған телеоператор талай шәкіртті де тәрбиелеп келеді. Түркістан үшін жасаған еңбегін құрметтеуге және бағалауға лайық кәсіби маман!
Ішкі істер органдарының ардагері — Арысбек Берденов, «Жүнісбаев және компания» ЖШС директоры — Сапарғали Қайшыбеков, құрылыс саласының ардагері — Құттыбек Бөкенбаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры — Мұрат Ибрагимов, еңбек ардагері — Мұрат Сәбденов, Түркістан облысының Әділет департаменті басшысының орынбасары — Балжан Әліпбек, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ өкілетті кеңесінің төрағасы — Мухиттин Шимшек, ауыл шаруашылық саласының ардагері — Әбдірахман Рысбек, «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас ғылыми қызметкері — Досымбек Сыдық, өндіріс саласының ардагері — Мақсұтхан Егембергенов, білім саласының ардагері — Үмбет Әбдиев , – «ҚазАзот» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы — Бахаридин Әбіләзімов, жеке кәсіпкер — Лаззат Жабатаева, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері — Тастайбек Жарқымбеков, Мақтаарал аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы — Алданияз Жолдасов, еңбек ардагері — Рахматулла Сұлтанов, «ЮЖКАЗПРОЕКТ» жобалау институты» ЖШС байқау кеңесінің төрағасы — Мүтәліп Әбуов, еңбек ардагері – Хабибулла Азимов, өндіріс саласының ардагері — Жұматай Мәркенбаев, “AMANAT” партиясының Қаратау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары — Әбдез Иманқұлов бар.
Жалпы, облыстың «Құрметті азаматы» атағына 65 өтінім келіп түскен.