Мегаролистегі Конгресс-Холл ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. «Шымкент сити» шағын ауданынан салынып жатқан ғимараттың құрылыс жұмысын мегаполис мэрі кезекті рет аралап көрді.
Нысанның 75 пайызында құрылыс аяқталған. Ағымдағы жылдың 3-ші тоқсанында ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Үшінші мегаполистің келбетін ашатын Конгресс-холл көп функциялы мәдени және ойын-сауық сарайы ретінде ашылмақ. Мұнда халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге мүмкіндік мол.
Бірінші блокта мәдени көпшілік іс шараларға, спектакльдерге арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермендер залы орналасқан. Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет бар. Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы жоспарланған. Сонымен қатар, қолөнершілер дайын бұйымдарын қоя алатын көрме алаңы, қолөнер тарихымен танысу үшін бірінші қабаттағы мультимедиялық кабинет, қазақ ұлттық билеріне арналған үлкен би залы, музыкалық зал, қазақтың дәстүрлі үстел ойындарына арналған кабинет те осы әсем ғимараттың еншісінде.