Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркі дүниесінің келешек келбеті – 2040» атты екі күндік халықаралық семинар өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Пленарлық мәжілісте университеттің ректор өкілі Женгиз Томар бүгінгі басқосудың маңызына тоқталып, соңғы 30 жыл ішінде түркітілдес елдердің ынтымақтастығы жаңа деңгейге жетіп, нығая түскенін атап өтті.
«Түркі мемлекеттері ұйымы құрылып, қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі жиын осы ұйымның мақсаты мен міндеті аясында өтуде. Семинарда талқыланған, қаралған баяндамалар 2022 жылдың 11 қараша күні Самарқан қаласында өтетін Түркі тілдес мемлекеттері ұйымының саммитіне ұсынылады», — деді Ж.Томар.
Семинарда 2021 жылдың 12 қараша күні Түркі тілдес мемлекеттері ұйымының Стамбулда өткен 8-ші саммитінде ұйымға мүше мемлекет басшылары қол қойған «Түркі дүниесінің келешек келбеті — 2040» шеңберінде түркі дүниесінің интеграция үдерісі мәселесі де қаралады.
«Әлемдегі университтердің 3 миссиясы бар. Оның біріншісі – білім беру, екіншісі – ғылыммен айналысу, үшіншісі – қоғамға пайдалы болу. Біздің университетіміз бұл 3 миссияны да жоғары деңгейде орындап жатыр. Әсіресе, қоғамға пайдалу болу мақсатында атқарылып жатқан жұмыс өте көп. Біз тек Түркістан қаласына емес, Қазақстан мен күллі Түркі дүниесіне пайдалы болуды көздейміз. Осы мақсатта 30 жылдыққа 30 жоба жасап отырмыз. Бүгінгі шарамыз да – осы 30 жобамыздың бірі», — деді университет ректоры Жанар Темірбекова.
Айта кетсек, «Келешек келбеті» мәселесі аясында экономика, денсаулық, сауда, құқық, халықаралық қатынастар, тарих, тіл, мәдениет және өнер сияқты әртүрлі тақырыптар бойынша секциялық отырыстар жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ұйымға мүше елдерден шақырылған мамандар «Түркі дүниесінің стратегиялық құжатының» қалай жүзеге асыралатыны жайында өз ойларын ортаға салады.