
«Қостанай облысындағы төтенше жағдай бәрімізді алаңдатып отыр. Тұрғын үйлер, орман мен ауылшаруашылығы жерлері отқа оранды. Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелді. Қаза тапқан азаматтың жақындары мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз», — деп жазды Мәулен Әшімбаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен апатты ауыздықтау үшін Арнайы жедел штаб құрылғанын, Үкіметке төтенше жағдай салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлу және баспаналарынан айырылған азаматтарға арнап жаңа тұрғын үйлер салу жұмысын жедел бастау жөнінде тапсырма берілгенін айта келе, Палата спикері апатпен күрес жұмыстарына Парламент Сенаты да үлес қосатынын жеткізді.
«Қостанай облысынан сайланған сенаторлар жедел штабтың жұмысына атсалысып жатыр. Сондай-ақ, Сенат депутаттары зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударады. Осындай жағдайда бірлігімізді танытып, жұдырықтай жұмылу аса маңызды. Зардап шеккендердің сауығып кетулерін және жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейміз», — дейді Мәулен Әшімбаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай өңірінде өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек беруге арналған бірыңғай қоғамдық қор құрылды.
inform.kz










