Базардың бағасы қоғамның әлеуметтік ахуалына қарайламай тұрған шағында баланы мектепке дайындау кімге болмасын оңайға соқпайды. Соған қарамастан әр өңірде жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Осы орайда әлеуметік аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіру мақсатымен «Amanat» партиясының мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш қос отбасыға қуаныш сыйлады.

«Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында Ордабасы ауданы Бөген ауылының мектеп жасындағы балаларына кеңсе тауарлары мен оқу құралдары бар сөмке табыстап, бүлдіршіндерді жаңа оқу жылына даярлады. Екі жанұя да көп балалы. Әрі барлығы мектеп жасындағы балалар.
— Балаларды әлеуметтік ауыртпалық емес, білім алу мәселесі алаңдатуы тиіс,-деген депутат болашақ елдің тұтқасын ұстайтын жастарға сапалы білім алып, биіктерді бағындырыңдар,- деп тілек білдірді.