Түркістанның мәдени-рухани орталығын дамыту жұмыстары жалғасуда деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Облыс орталығындағы құрылыс барысын бақылаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа жобалармен танысты. Жауапты сала басшыларымен бірге құрылыс нысандарын аралап, оларға бірқатар міндеттер жүктеді.
Шаһардың дамуының 2-кезеңі төрт аумақта жүзеге асырылып жатыр. Мәдени-рухани орталықта «Күлтөбе» қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджді қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы бой көтеріп келеді. Сондай-ақ Бекзат Саттарханов даңғылының бойында спорттық кешен, «Яссы» желілік саябағы, ірі сауда орталықтары бой көтеріп, 182 га универститеттік ботаникалық бақты күтіп-баптау, «Парк Лайн» коттедж кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Бекзат Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені орнынан қазіргі заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы былтыр басталған болатын. Жобаға биыл 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нысан құрылысы келесі жылы аяқталады.