Шымкентте «Құрметті азамат» атағын алушылар қатары қысқарады. Бұған дейін жыл сайын қаланың дамуына үлес қосқан 25 адам марапатталса, енді бұл атақ екі жылда бір рет 10 азаматқа ғана берілмек. Тиісті мәселе қалалық мәслихат сессиясында қаралып, депутаттар бірауыздан қолдады. Ал сессиядағы негізгі мәселе – қаланың бюджеті. 2026-2028 жылдарға арналған қазына қаржысы 868 миллиардтан 893 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.
Сағат 11:00-ге белгіленген мәслихаттың кезектен тыс 38-ші сессиясына депутаттар жинала бастады. Мандат иелері мен атқамінерлер амандық-саулық сұрасуда. Межелі уақытта қала әкімі келіп, төраға жиынды бастап кетті. Күн тәртібінде 6 мәселе. Бюджетке қосылған қосымша 25 миллиард теңге қайда бағытталады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілі есебін берді.
Қалада жалақысы төмен қызметкерлерге берілетін ынталандыру үстемеақысының тәртібі өзгерді. Енді төлем тағайындау талаптары заңнамадағы өзгерістерге сәйкестендірілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 16 млрд теңге қаралады.
Шымкентте «Құрметті азамат» атану қиындай түсті. Бұған дейін жыл сайын 25 адамға берілетін атақ енді екі жылда бір рет, небәрі 10 азаматқа ғана табысталады. Яғни, марапат иелерінің қатары бірнеше есе қысқарады. Бұл туралы қала әкімі аппаратының басшысы мәслихат сессиясында баяндады. Депутаттар бұған дейін тұрақты комиссия отырысында қаралған ұсынысты бір ауыздан қолдап, өзгеріске қол көтеріп дауыс берді. Сессия соңында Ғабит Сыздықбеков сөз алып, әріптестеріне бюджет қаржысын ең керекті салаға бөлуді тапсырды. Бұл ретте өз сайлау округінің өзекті мәселесін көтеріп, істің оң шешілуіне ықпал ететін депутаттардың рөлі ерекше.

Осылайша, кезектен тыс сессияда қаланың бюджеті қайта нақтыланып, бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Ендігі міндет – бөлінген қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз ету.










