• Басты бет
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Қоғам
    • Экономика
    • Мәдениет
    • Әлеумет
    • Тарих
    • Боздақтар
  • Шымкент
  • Түркістан
  • МӘДЕНИ АСТАНА
  • Жобалар
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Айғақ TV
    • Фотогалерея
    • Бейнематериалдар
WhatsApp +7 (701) 441 6666
АЙҒАҚ ONLINE
"Айғақ" ақпараттық порталы
No Result
View All Result
Сәрсенбі, Қараша 11, 2026
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Қоғам
    • Экономика
    • Мәдениет
    • Әлеумет
    • Тарих
    • Боздақтар
  • Шымкент
  • Түркістан
  • МӘДЕНИ АСТАНА
  • Жобалар
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Айғақ TV
    • Фотогалерея
    • Бейнематериалдар
16+
"Айғақ" ақпараттық порталы
No Result
View All Result

ЦИФРЛАНДЫРУ – ҚАЛА ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

11.11.2026
0

Шымкентте жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда

Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында цифрлық технологияларды барлық салаға енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, IT мамандарын даярлау және инновациялық кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Президент айқындаған осы басымдықтар Шымкент қаласында да нақты жобалар арқылы жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда мегаполисте цифрлық инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, IT саласындағы жас мамандарды қолдау, стартап жобаларды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін технологиялық тұрғыдан жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалардың барлығы қаланың инновациялық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

IT экожүйесі қалыптасып келеді

Шымкенттегі IT HUB осы бағыттағы негізгі алаңдардың біріне айналды. Орталық ашылғалы бері мұнда 300-ге жуық түрлі іс-шара өткізіліп, 6 мыңға жуық келуші тіркелген. Бұл көрсеткіш қала жастарының цифрлық технологияларға, бағдарламалау мен инновациялық кәсіпкерлікке деген қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады.

Сонымен қатар 300 студент өндірістік және оқу тәжірибесінен өтіп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды. Жастардың жаңа идеяларын қолдап, оларды нақты бизнес жобаларға айналдыру мақсатында арнайы «Future Makers» стартап қауымдастығы құрылды. Қауымдастық аясында ұйымдастырылған сегіз кездесуге 48 қатысушы тартылып, стартап мәдениетін қалыптастыру, жобаларды дамыту және тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар жүргізілді.

IT саласындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған тағы бір маңызды бастама – әйелдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған «Tech Dames» қауымдастығы. Бүгінде аталған бірлестік аясында 20 іс-шара ұйымдастырылып, 200-ден астам қатысушы қамтылған. Бұл бастама әйелдердің технологиялық кәсіпкерлікке араласуына, цифрлық дағдыларын жетілдіруіне және жаңа мамандықтарды меңгеруіне жол ашып отыр.

Ал жас буынның техникалық білімге қызығушылығын ерте жастан қалыптастыру мақсатында HUB жанынан «RoboPark.kz» қосымша білім беру орталығы ашылды. Мұнда оқушылар робототехника мен Python бағдарламалау тілінің негіздерін меңгеруде. Қазіргі таңда 65 бала аталған орталықта тегін білім алып жатыр. Мұндай білім беру алаңдары болашақ IT мамандарының қалыптасуына негіз болып, балалардың логикалық ойлау, шығармашылық ізденіс және техникалық шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

Технопарк резиденттері қатарында «QazTracker», «Alaqan», «Puls.kz», «Art Code», «Florax», «Qalam AI» секілді стартап жобалар бар. Олардың қызметі цифрлық шешімдер әзірлеу, технологиялық өнімдерді жетілдіру және нарыққа жаңа инновациялық ұсыныстар енгізумен байланысты. Бұл – Шымкентте IT кәсіпкерліктің біртіндеп қалыптасып, жергілікті стартаптардың дамуына қолайлы орта жасалып келе жатқанының көрінісі.

Жаңа буын мамандарын даярлауға басымдық берілуде

Инновациялық экожүйені қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі – білім беру саласына жаңа оқыту үлгілерін енгізу. Осы мақсатта биыл 24 сәуірде Тәшенев университетінің базасында «Tomorrow School» цифрлық білім беру мектебі ресми телемост форматында ашылды.

Аталған мектептің негізгі білім беру бағдарламасы 18 айға жоспарланған. Оқу барысында 20-дан астам заманауи технология бағыты бойынша білім беру және 50-ден астам жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінгі таңда мектепке 935 студент тіркеліп, оның 408-і оқуға қабылданған.

Бұл бастаманың маңызы – еңбек нарығында сұранысқа ие цифрлық мамандарды даярлау, жастардың практикалық дағдыларын қалыптастыру және өңірдің технологиялық дамуына қажетті адами капиталды нығайту.

Өйткені цифрлық экономиканың өркендеуі ең алдымен білікті мамандарға, жаңашыл ойлауға және технологияны нақты өндірістік әрі әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттай білуге байланысты.

Білім беру саласындағы ашықтық пен қауіпсіздік

Қаланың цифрлық трансформациясы тек IT мамандарын даярлаумен шектелмейді. Әлеуметтік салаларға заманауи технологияларды енгізу де күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі. Соның ішінде білім беру жүйесінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қаржылық үдерістердің ашықтығын арттыру және басқару тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар жобалар қолға алынған.

Солардың бірі – «Айқын» жобасы. Оның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті күшейту үшін бейнебақылау жүйесін жаңғырту, қажетті аппараттық-бағдарламалық кешендер мен құрылымдық кабельдік жүйелерді орнату.

 

Жоба аясында мердігер ұйым ретінде «Transtelecom» ЖШС анықталған. Қазіргі уақытта 97 мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылып, 136 білім беру ұйымында құрылымдық кабельдік жүйелерді жүргізу жұмыстары атқарылуда. Жыл соңына дейін 147 мектепке жалпы саны 10 290 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған.

Бұл жүйе білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, мектеп аумағындағы жағдайды жедел бақылауға, ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жауапты қызметтердің әрекетін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Ал «Qarqyn» жобасы білім беру саласындағы қаржылық және әкімшілік үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бірыңғай интеграциялық жүйе арқылы ақпараттық платформалардағы қаржыландыру үдерістерін бақылау және қадағалау көзделген.

Жүйе мектепке дейінгі, қосымша, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын, инклюзивті білім беру мәселелерін, кадрлық басқару, қаржы, бухгалтерия және құжат айналымы бағыттарын қамтиды. Сонымен бірге «Kundelik», «1С», «Balabaqsha», «Qosymsha», «Pana», «Smartnation» және «Sana» тарификациялық базасы секілді ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.

Мұндай цифрлық тетік деректердің бірізділігін қамтамасыз етіп, қайталанатын жұмыстарды азайтуға, басқарушылық шешімдердің дәлдігін арттыруға және қаржы ресурстарының тиімді пайдаланылуын бақылауға жағдай жасайды.

Қала қозғалысын басқаруда – ақылды технологиялар

Мегаполистегі көлік қозғалысын реттеу, жолдағы кептелістерді азайту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында интеллектуалды көлік жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде.

Бүгінде қаланың 355 көше қиылысында ITS интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылған. Бұл жүйе жол қозғалысын заманауи бағдарламалық-аппараттық құралдар арқылы бақылауға және басқаруға мүмкіндік береді.

ITS жүйесінің басты артықшылығы – тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде автоматты мониторинг жүргізілуі. Соның нәтижесінде бағдаршамдардың жұмысындағы ақаулар дер кезінде анықталып, қалалық қызметтердің оларға жедел әрекет етуіне мүмкіндік туады. Алдағы уақытта жүйені кезең-кезеңімен кеңейту көлік ағынын тиімді басқаруға, жол инфрақұрылымының жұмысын үйлестіруге және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Қоғамдық көлік саласында да цифрлық қызметтердің мүмкіндігі кеңейіп келеді. Осы бағыттағы «Avtobys» электрондық төлем жүйесі жолаушыларға жолақыны қолма-қол ақшасыз төлеуге жағдай жасайды. Төлем көлік картасы, мобильді қосымша, QR-код, NFC технологиясы және банк карталары арқылы жүзеге асырылады.

Бұл жүйе жолаушылар үшін төлем жасауды жеңілдетумен қатар, қоғамдық көлік саласындағы есеп айырысу үдерісін автоматтандыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және тасымалдау жүйесіндегі ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізілуде

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Шымкентте де медицина қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылуда.

 

Солардың бірі – «PULS AI» интеллектуалды медициналық ассистенті.

Жүйе дәрігерлерге науқастың жағдайын бағалау, ықтимал диагноздарды қарастыру және емдеу тактикасын таңдауда қосымша ақпараттық қолдау көрсетуге арналған. 2025 жылы жоба 13 мемлекеттік емханада пилоттық режимде енгізілді. Ал биыл тағы 7 мемлекеттік емханамен коммерциялық негізде келісімшарт жасалған.

Медицина саласындағы тағы бір цифрлық шешім – «103 Yandex» сервисі. Ол Yandex Maps платформасы арқылы жедел жәрдем көлігінің қозғалысын бақылауға және оның науқасқа жету уақытын нақты режимде көруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйе арқылы бірінші және екінші санаттағы науқастардың шақыртулары өңделуде. Бұл жедел медициналық көмектің жұмысын үйлестіруге және шақыртуларға ден қою үдерісін жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін смарт-бейнежетондар жүйесі енгізілді. 2025 жылы пилоттық жоба аясында 5 бейнежетон қолданысқа берілген болатын. Биыл жедел жәрдем қызметінің 120 бригадасы жалпы саны 240 бейнежетонмен толық қамтамасыз етілді. Бұл құрылғылар қызмет барысында туындауы мүмкін даулы жағдайлардың алдын алуға, оқиғаларды тіркеуге және медицина мамандарының құқықтарын қорғауға көмектеседі.

Ал инсультті ерте анықтауға арналған «Cerebra AI» жасанды интеллект жүйесі №2 қалалық емханада сәтті енгізілген. Жүйе компьютерлік томография суреттерін талдау арқылы инсульт белгілерін ерте анықтауға көмектеседі. Қазіргі уақытқа дейін платформада 1 802 клиникалық жағдай тіркеліп, өңделген. Оның ішінде 250 геморрагиялық және 462 ишемиялық инсульт жағдайы анықталған.

Бұл технологиялардың медицина үшін маңызы зор. Себебі инсульт кезінде диагнозды дер кезінде қою және тиісті медициналық көмек көрсету науқастың өмірі мен денсаулығын сақтауда шешуші рөл атқарады. Жасанды интеллект дәрігердің кәсіби шешімін алмастырмайды, керісінше диагностикалық үдерісті жеделдетуге арналған қосымша құрал ретінде қызмет етеді.

Инженерлік инфрақұрылымда да цифрлық бақылау күшейтілуде

Қала тіршілігінің тұрақты жұмыс істеуі инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның жағдайына тікелей байланысты. Осы орайда жылу желілерінің техникалық жай-күйін бақылау және құбырлардың пайдалану мерзімін бағалау үшін жасанды интеллект технологиясына негізделген жоба қолға алынған.

Жоба құбырлардың ішкі жағдайын арнайы технологиялар арқылы тексеріп, олардың қалдық ресурсын анықтауға мүмкіндік береді. 2025 жылы жүйе қаладағы 7 мекенжайда пилоттық режимде іске қосылды. Ал биыл осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін 7 шақырым желіні қамтуға тиісті қаражат бөлінген.

Мұндай технологиялар инженерлік желілердегі ақауларды алдын ала анықтауға, апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға және жөндеу жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде коммуналдық қызметтердің тиімділігі артып, тұрғындарды сапалы қызметпен қамтамасыз етуге жағдай жасалады.

Қалалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы да жүзеге асырылуда. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен пилоттық кезеңде Шымкентке 5 дрон орналастырылып, олардың көмегімен 350-ден астам қашықтықтан мониторинг жүргізілген.

Ұшқышсыз ұшу аппараттары қала аумағын әуеден бақылап, өрт ошақтарын ерте анықтауға, төтенше жағдайлардың таралу аймағын бағалауға және тиісті қызметтердің алдын алу шараларын жедел ұйымдастыруына мүмкіндік берді.

Жобаның тиімділігін ескере отырып, қаланың ұшқышсыз мониторинг инфрақұрылымын кеңейту мақсатында коммерциялық негізде тағы 16 дрон орналастырылды. Бүгінде осы бағытта 400-ге жуық қашықтықтан бақылау жұмыстары жүргізілген. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алу, қалалық аумақтарды бақылау және қауіпсіздік шараларын күшейту ісінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Цифрлық жаңғыру – тұрғындар игілігі үшін

Жалпы алғанда, Шымкентте жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар қаланың технологиялық даму бағытын айқындап отыр. IT HUB-тағы стартаптарды қолдау мен жастарды оқытудан бастап, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік, қоғамдық көлік төлемі, медициналық диагностика, инженерлік желілерді бақылау және төтенше жағдайлардың алдын алуға дейінгі көптеген салада заманауи шешімдер қолданылуда.

Мұның барлығы Мемлекет басшысы алға қойған цифрлық мемлекет қалыптастыру, жасанды интеллектіні экономиканың негізгі салаларына енгізу және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру міндеттерімен үндеседі.

Ең бастысы, цифрландыру тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмеуі тиіс. Оның нақты нәтижесі тұрғындардың уақытын үнемдеуден, қызметтердің қолжетімділігін арттырудан, қауіпсіздікті қамтамасыз етуден және қалалық басқарудың тиімділігін күшейтуден көрінуі қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте қолға алынған бастамалар мегаполистің инновациялық әлеуетін арттырып қана қоймай, болашақта ақылды қала қағидаттарын қалыптастыруға негіз болады. Цифрлық шешімдердің ауқымы кеңейген сайын қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптасып, Шымкенттің заманауи технологиялар мен инновациялар орталығы ретіндегі мүмкіндігі де арта түспек.

 

Previous Post

ҚОЗҒАЛЫС ЕРКІНДІГІ – ӨМІР САПАСЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ: ШЫМКЕНТТЕ БУЫН АЛМАСТЫРУ ОТАСЫ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА ТҮСТІ

Related Posts

ҚОЗҒАЛЫС ЕРКІНДІГІ – ӨМІР САПАСЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ: ШЫМКЕНТТЕ БУЫН АЛМАСТЫРУ ОТАСЫ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА ТҮСТІ

ҚОЗҒАЛЫС ЕРКІНДІГІ – ӨМІР САПАСЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ: ШЫМКЕНТТЕ БУЫН АЛМАСТЫРУ ОТАСЫ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА ТҮСТІ

by Айғақ медиа
11.11.2026
0

Адам денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту – әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Әсіресе тірек-қимыл аппараты ауруларына шалдыққан азаматтарға сапалы медициналық...

НҰРҒИСА ӘДІЛЕТҰЛЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН КҮМІС ӘКЕЛДІ

НҰРҒИСА ӘДІЛЕТҰЛЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН КҮМІС ӘКЕЛДІ

by Айғақ медиа
11.11.2026
0

Қазақстандық ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медаль иеленіп, ел мерейін үстем етті. Шымкенттік...

БАСПАНА – БАҚЫТ БАСТАУЫ

БАСПАНА – БАҚЫТ БАСТАУЫ

by Айғақ медиа
11.11.2026
0

Баспанаға қол жеткізу – әр отбасының басты арманы, ал әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар үшін бұл мәселенің маңызы тіпті жоғары....

ҚАРАТАУ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

ТІЛЕНШИН КӨШЕСІНДЕ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖЕҢІЛДЕДІ

by Айғақ медиа
09.11.2026
0

Көлік кептелісі азайып, қатынас реттелсе, қала тынысы да кеңейе түседі. Бүгінде Шымкенттегі Керім Тіленшин көшесінің көрінісі осындай. Теміржол үстінен өтетін...

ҚАРАТАУ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

ҚАРАТАУ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

by Айғақ медиа
09.11.2026
0

Қаланың қарқынды дамуы ең алдымен аудандардың тыныс-тіршілігінен байқалады. Жаңа тұрғын алаптар бой көтеріп, халық саны артқан сайын инфрақұрылымға деген сұраныс...

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТЕГІН ТЕКСЕРУДЕН ӨТУДЕ

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТЕГІН ТЕКСЕРУДЕН ӨТУДЕ

by Айғақ медиа
07.11.2026
0

Күн сайын адам өмірі үшін күресетін дәрігерлер бұл жолы өз денсаулығына көңіл бөлді. Шымкент жүрек орталығының 480 қызметкері жүрек-қан тамырлары...

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Facebook Telegram Youtube Instagram

АҚПАРАТ

  • Саясат
  • Экономика
  • Түркістан
  • Шымкент
  • Тарих
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Айғақ TV

© 2015-2020. "Айғақ" ақпараттық порталы. Барлық құқықтар сақталған.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде
2019 жылы 13 маусымда тіркеліп, № 17745 - ИА куәлігі берілген.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Қоғам
    • Экономика
    • Мәдениет
    • Әлеумет
    • Тарих
    • Боздақтар
  • Шымкент
  • Түркістан
  • МӘДЕНИ АСТАНА
  • Жобалар
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Айғақ TV
    • Фотогалерея
    • Бейнематериалдар

© 2015-2020. "Айғақ" ақпараттық порталы. Барлық құқықтар сақталған.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде
2019 жылы 13 маусымда тіркеліп, № 17745 - ИА куәлігі берілген.